Зейнетақы жинағынан салық алына ма - Ұлттық экономика министрлігінің жауабы

Зейнетақы жинағынан салық алына ма - Ұлттық экономика министрлігінің жауабы
Фото: depositphotos.com

Мәжіліс отырысында азаматтардың жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын пайдалануына байланысты жеке табыс салығының (ЖТС) төленуі туралы мәселе көтерілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазіргі қолданыстағы заңнамаға сәйкес, зейнетақы қорынан алынған қаражатқа ЖТС салынады. Алайда жаңа Салық кодексінің жобасында бұл салықты алып тастау көзделіп отыр.

"Салық кодексі мен оған ілеспе құжаттар аясында зейнетақы қаражатына, оның ішінде біржолғы зейнетақы төлемдеріне салынатын ЖТС-ты алып тастау қарастырылып отыр. Дегенмен, көптеген азаматтар бұған дейін зейнетақы жинағынан алынған сомаға ЖТС төлеп қойған. Ал кейбір азаматтар салық төлеуді зейнетке шыққаннан кейінге шегерген. Сонда бұрын төлеген салықты қайтару қарастырыла ма?" – деп сұрады Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау.


Сұраққа Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Амрин жауап берді.

"Салық төлеу мерзімін кейінге қалдырған азаматтар – ЖТС төлеуден босатылады. Ал салықты бұрын төлеп қойғандар үшін – қаражат қайтарылмайды", – деді вице-министр.

Яғни, жаңа заң күшіне енгеннен кейін, салық төлеуді кейінге қалдырғандар жеңілдікке ие болады, ал бұрын салық төлегендерге ақша қайтарылмайды.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget