Жуырда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2026 жылға арналған зейнетақы жинағын пайдаланудың жаңа ең төменгі жеткілікті шегін жариялады. Өзгеріс бойынша 20 жастағы азаматтарға жеткілікті шек неге 6 миллион теңгеден асады? Бұл сауалға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры өкілдері жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БЖЗҚ жауабы
Өзгеріс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Ал, қор мәліметінше, зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегі қазіргі табысқа емес, болашақта алынатын зейнетақы көлеміне қарай есептеледі.
20 жастағы адамның зейнетке шығуына шамамен 40 жыл уақыт бар. Осы кезеңде жинақ инвестициялық табыс әкеліп, болашақ төлемнің негізін қалыптастырады. Сондықтан жинақты ерте пайдалану кейін зейнетақы көлемі азаюына әсер етуі мүмкін.
"Салымшы 20 жаста болса, оның зейнетке шығуына әлі 40 жылға жуық уақыт бар. Осы кезеңде оның жинағы инвестицияланып, инвестициялық кіріс әкелуге және болашақ зейнетақы төлемін қамтамасыз етуге тиіс", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, БЖЗҚ мәліметінше, Халықаралық еңбек ұйымының ұсынысына сәйкес зейнетақының зейнетке шығар алдындағы еңбек табысына арақатынасы 40 пайыздан төмен болмауы шарт.
Жаңа шек
Еске салайық, 6 маусымда БЖЗҚ жаңа жеткілікті шекті жариялады. Шек бір жыл ішінде екінші рет өсіп отыр.
Енді зейнетақы жинағының артық бөлігін алу үшін 20 жастағы азаматқа кемінде 6 670 000 теңге, 30 жастағы азаматқа 9 750 000 теңге, ал 40 жастағы азаматқа 13 370 000 теңге керек. Шоттағы сома бұл межеден аз болса, жинақты пайдалану мүмкін емес.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова