Зейнетақы жинағын алудың жеткілікті шегі көтерілуі мүмкін: не белгілі?

Осы айда Қазақстанда зейнетақы жинағын алудың ең төменгі жеткілікті шегі көтерілуі мүмкін. Азаматтар тарапынан туындаған сауалдарға байланысты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) өкілдері өзгерістерді түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

БЖЗҚ мәліметінше, ең төменгі жеткілікті шекті есептеу әдістемесін қайта қараудың негізгі мақсаттарының бірі - болашақта зейнетақы көлемі жеткілікті болуы үшін ең төменгі зейнетақы жинағының шегін кезең-кезеңімен өсіру.

Өзгеріс жасауға не себеп болды?

Қазіргі әдістеме бойынша зейнетақы жинағының ең төменгі шегін есептеу кезінде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер, ең төменгі жалақы мөлшері, инвестициялық табыс және болашақтағы зейнетақы жарналары ескеріледі.

Десе де, қор мәліметінше, қолданыстағы әдістеменің бірқатар осал тұсы бар:

  • ұзақ мерзімді макроэкономикалық болжамға тәуелділік, осының әсерінен жыл сайын ТЖШ мөлшері құбылмалы болады;
  • салымшының болашақ зейнетақы жарнасын нақты төлеуіне кепілдік болмауы;
  • болашақ зейнетақы төлемінің мөлшері аз болуы.

"Қазіргі әдістеме бойынша азамат зейнетақы жинағының шектен асқан бөлігін пайдаланса да, міндетті зейнетақы жарнасын әрі қарай аудара береді. Бірақ болашақта ол шамамен күнкөріс минимумы деңгейінде, яғни 50 мың теңгеге жуық төлем алуы мүмкін. Алайда іс жүзінде жарналар тұрақты түспеуі немесе мүлде тоқтап қалуы ықтимал. Сондықтан қазіргі ең төменгі жеткілікті шек болашақта лайықты зейнетақы алуға толық кепіл бола алмайды деген қауіп бар. Тіпті жарналар уақтылы аударылған күннің өзінде шамамен 50 мың теңгелік зейнетақы қазіргі медианалық жалақының 15 пайызына да жетпейді", - деп жазылған хабарламада.

​Жаңа әдістеме бойынша не көзделіп отыр? 

ТЖШ-ны анықтаудың жаңа әдістемесі азаматтарға зейнетақы төлемінің неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа тәсілге сәйкес ТЖШ-дан жоғары жинақты алғаннан кейін болашақ жинақтаушы зейнетақы мөлшері медианалық жалақының кемінде 40 пайызына жуықтайды.

ТЖШ мөлшері қазіргідей салымшының жасына байланысты болады: азамат зейнет жасына неғұрлым жақын болса, болашақ зейнетақыны қамтамасыз ету үшін ТЖШ деңгейі соғұрлым жоғары болуы керек.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!