БЖЗҚ жанындағы Қоғамдық кеңес біржолғы зейнетақы төлемдеріне байланысты зейнетақы жинақтарының күрт азаюына алаңдап отыр. Сондықтан зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға қажет жеткілікті шекті тағы көтеру ұсынылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайтында ұсынылған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылдың 1 қазанына БЖЗҚ салымшыларының шоттарында 14,1 трлн теңгеден астам зейнетақы жинақтары бар.
"Кеңес мүшелері салымшылардың жеке жинақтарына ғана емес, жалпы зейнетақы жинақтарының кірістілігіне де кері әсерін тигізетін жүйеден қомақты көлемде алынған біржолғы зейнетақы төлемдері дерегіне алаңдаушылық білдірді. Сарапшылардың пікірінше, қаражаттың едәуір азаюы зейнетақы активтерінің портфелін тұрақтандыра алатын жаңа кіріс құралдарын сатып алуға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар зейнетақы жүйесінен қаражат алу инфляцияның өсуіне де әсер етеді", - делінген БЖЗҚ ресми сайтында.
Сайтта кеңес мүшелері жинақтарды жаппай алып қою жалғасқан жағдайда шиеленісуі мүмкін жүйелік тәуекелдерге назар аударғаны жазылған. Қоғамдық кеңес әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді ескере отырып, ең төменгі жеткілікті шекті (ТЖШ) қайта қарау керегін, сондай-ақ, ТЖШ мөлшерін айқындау үшін экономикалық тұрғыдан неғұрлым негізделген көрсеткіш ретінде зейнетақы аннуитетінің құнын да қарастыру мүмкіндігін алға тартты.
Осыған сүйене отырып, Қоғамдық кеңес инвестициялық портфельді басқаруды жақсарту, инвестициялық портфельдегі мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігін арттыру, неғұрлым табысты құралдардың келешегі бар тізбесін айқындау және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қатысушысының жинақтарын инфляциядан қорғауға қатысты жүйелі шараларды әзірлеу керегін атап өтті.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!