Әлеуметтік желілерде және онлайн платформаларда "ең төменгі жеткілікті шектен (ТЖШ) асатын зейнетақы жинағын кез келген азаматқа алып беруге делдал қызметін көрсетеміз" деген ұсыныстар әлі де тарап жатыр. Мұндай қызмет үшін алаяқтар алдын ала төлем жасауды талап етеді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры азаматтарға мұның қауіпті екенін ескертті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
БЖЗҚ мәліметінше, біржолғы зейнетақы төлемі делдалсыз және комиссиясыз беріледі.
"Күмәнді схемаларға қатысуға келісу арқылы сіз тек қаражатыңыздан айырылып қоймайсыз, сонымен қатар, жеке дерегіңізге де қатер төндіресіз. Мұндай мәлімет кейін өзге де алаяқтық әрекеттерде пайдаланылуы мүмкін. Сондай-ақ, зейнетақы жинағын ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген жағдайда ғана алуға болатынын ескертеміз. Ол - зейнет жасы, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2-топ мүгедектігі белгіленуі, ҚР аумағынан тыс ТТЖ кету, мұрагерлік", - деп жазылған хабарламада.
Зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсарту және/немесе емделу ақысын төлеу мақсатында заңда бекітілген талаптарды орындаған жағдайда мына санаттағы азаматтар алуға құқылы:
- ең төменгі жеткілікті шектен асатын жинағы бар салымшылар;
- зейнетақысы жоғалтқан табысының (бұрынғы жалақысының) кемінде 40 пайызы болатын зейнеткерлер, олар шотта қалған жинағының 50 пайызына дейін пайдалана алады;
- еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинағының 100 пайызына дейін);
- зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинағының 100 пайызына дейін).
Зейнетақы жинағын тұрғын үйге немесе емделуге тек уәкілетті операторлар, яғни екінші деңгейдегі банктер арқылы пайдалануға болады. Яғни делдал қызметі қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай ақы алмайды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова