Үкімет әлеуметтік сала бойынша жыл қорытындысын жасады. Биыл бюджеттің тең жартысынан көбі (52,8%) әлеуметтік салаға бөлінген.
Нәтиже қандай? Министрлер кабинеті жоспарын толық орындады ма? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Биыл 1 қаңтардан бастап зейнетақыға қатысты мынадай өзгеріс болды:
Осылайша 2,4 млн зейнеткердің, соның ішінде БЖЗҚ жинақтау қорынан зейнетақы алатын 459,3 мың зейнеткердің зейнетақысы көбейді.
Орташа зейнетақы көлемі 165 мың теңгеден асты. Сондай-ақ, Үкімет жұмыс беруші төлейтін міндетті зейнетақы жарнасы 2028 жылға қарай 5%-ға ұлғаяды деп сендірді.
Биыл 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін артты. Яғни 1,8 млн адам, оның ішінде бюджет қызметкерлері қамтылды.
600 мың азаматтық қызметкердің жалақысы біртіндеп 20 пайызға көтеріліп жатыр.
Үкіметтің есебіне сүйенсек, 845 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Соның ішінде 401 мыңнан астамы - жастар.
9 мыңға жуық азамат, соның ішінде мүгедектігі бар жандар және ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар бизнес идеяға грант алған.
Биылдан бастап "Ұлттық қор - балаларға" бағдарламасы іске қосылды. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың арнайы жинақ шоттарына аударылады, алайда оны мерзімінен бұрын алуға болмайды.
Айта кетейік, бұл Қазақстан азаматтығы бар, 18 жасқа дейінгі барлық балаға арналған.
"2024 жылғы 1 ақпаннан бастап төлем басталды. 2024 жылы бағдарлама қатысушыларының шоттарына $695,5 млн төленді", - деп жазылған Үкіметтің есебінде.
$30,6 млн 2024 жылы 18 жасқа толған немесе толатын балаларға төленбек. Қазір уәкілетті операторлар арқылы $3,4 млн сомасына 33,5 мыңнан аса өтінімнің қаражаты банк шоттарына аударылған.
"$1,8 млн сомасына 18 мыңға жуық өтінім тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталса, $1,6 млн сомасына 15,5 мың өтінім білім алу үшін төленді", - деп жазылған есепте.
Үкіметтің жоспарына сәйкес 7 жыл ішінде Қазақстанда 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы керек. 2024 жылы тұрғын үй құрылысы 18 млн шаршы метрге жетеді. Биылғы жоспар бойынша 1 млн-нан аса отбасы баспанамен қамтылады.
"Қаңтар-қазан аралығында 14 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 123,8 пәтер мен үй пайдалануға берілді", - деп жазылған Үкімет хабарламасында.
Үкіметтің "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы аясында 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарланған: 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория.
Есепке сүйенсек, 251 нысан құрылысы аяқталған, 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылған. Сондай-ақ, жаңа денсаулық сақтау нысандарына қаражат бөлінген.
Қазақстандағы әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі - ана өлімін азайту. Үкімет мәліметінше, 2024 жылғы көрсеткіштер былтырмен салыстырғанда 15 пайызға жақсарған.
Үкімет бұған жаңа бағдарламалардың енгізілуі, клиникалық хаттамаларды қайта қарау, босануға тарифтерді арттыру әсер еткенін хабарлады. Биыл амбулаториялық деңгейде 212,8 млрд теңгеге 3,5 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
Қазақстанда "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. Үкімет мәліметінше, жаңа мектептердің 40%-дан астамы ауылдық жерлерде салынған.
"Барлығы 36 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілді, оның 15-і ауылдық елді мекендерде салынды. 31 желтоқсанға дейін 76 нысан есігін айқара ашады", - деп есеп берді Үкімет.
Қазақстанда 11,6 мың мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді, онда 988 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр, мектептерде мектепалды даярлықпен 160 мың бала қамтылған.
"Балаларды қамту деңгейі 92,5%-ға жетті, 62,3 мың орындық 547 жаңа балабақша ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарда 4,2 мыңнан аса консультация пункті жұмыс істейді", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстанда 2020 жылдан бастап студенттердің шәкіртақысы көбейіп жатыр. Үкіметтің жоспары бойынша 2025 жылға қарай студенттердің шәкіртақысы 2 есе, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 1,75 есе көбейеді.
Биылғы нәтиже мынадай:
Сонымен қатар, "Жас ғалым" жобасы аясында 2021-2024 жылдар аралығында жас ғалымдар 2 мыңнан аса ғылыми жобаны жүзеге асырған. Енді 2025-2027 жылдарға арналған жаңа конкурс жарияланды.
Еске салайық, бұған дейін Үкіметтің алдағы жылдарға жоспары туралы жаздық. 2025 жылға әлеуметтік төлемдерге 6 трлн теңге сомасында қаржы қарастырылған.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!