Ақмола облысында Зеренді аудандық ауруханасының дәрігерлері бірнеше айдан бері жалақысын ала алмай жүргенін айтып, шағымданды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігерлердің сөзінше, жазда басшылық ауысып, содан бері жалақыларын уақытында ала алмай қалған.
"Бас дәрігер келгеннен бастап қиын жағдайға душар болып отырмыз. Бас дәрігер жаңа штатпен бес адамнан тұратын есепшілерді жұмысқа қабылдаған. Жаңа басшылық келгеннен бастап жалақымыз үнемі кешігеді. Әр ай сайын есепшіден ақшамызды өтініп сұрауға мәжбүрміз. Кешенді жан басы нормативін ынталандыратын компонент дұрыс есептелмейді, толық сомада берілмейді. Биыл тамыздан бері ақылы қызмет төлемі де жоқ. Басшылық қаржы жоқ деп түсіндіреді", - дейді ашынған дәрігерлер.
Ақ халаттылардың айтуынша, биыл тамыздан бері зейнетақы аударымдары да түспеген. Алайда жалақыдан ол тұрақты түрде ұсталып отырған.
"Басшылық есепшілерге сілтеп, біздің мәселемен айналысқысы да келмейді. Ал есепшілер бізбен дөрекі сөйлеседі. Телефон қоңырауы мен хабарламаларға жауап бермейді. Бас есепші, заңгер мен кәсіподақ төрағасы біздің жұмысымызды бақылап отырады. Бірақ бұл олардың функционалдық міндеттеріне де кірмейді. Еңбек шартына сәйкес басшылық қосымша жүктеме үшін төлеуден де бас тартып отыр. ...Жарты жылдан бері жуғыш құралдарымыз да жоқ. Арнайы киімдерді өз қаржымызға сатып аламыз. Тіпті кеңсе құралдарын да жөнді бермейді", - дейді аурухана дәрігерлері.
Дәрігерлердің сөзінше, басшылыққа бірнеше мәрте жүгінген, бірақ олардың өтініштері ескерілмеген.
"Ұжыммен әңгіме жүргізбейді, байланысқа шықпайды. Барлық сауалымызға тиісті жауап жоқ. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшылығы келіп, мәселені шешуге уәде беріп кеткен. Бірақ күні бүгінге дейін мәселе шешілген жоқ", - дейді олар.
Зеренді аудандық ауруханасының басшылығының сөзінше, қаржылық қиындықтарға байланысты жалақыны уақытында төлей алмаған.
"Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры қыркүйек және қазанға төлем жасаған жоқ. Қаржыландыру жоқтығынан салық төлемін де уақытында төлеу мүмкін болмай отыр. Шілденің салығы жабылды, тамыз да ішінара жабылды. Қаражат жоқтығынан қыркүйек пен қазанның салығы төленген жоқ. Аурухананың барлық штаты жаңадан алынған. Қате болды, бірақ уақытында түзетілді", - деп жазылған Зеренді аудандық ауруханасының ресми жауабында.
Еске салайық, бұған дейін оралдық дәрігер соттың көмегімен баспаналы болғаны хабарланды.
Абзал Алпысбайұлы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!