- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Зеренді жылусыз қалды:...
Зеренді жылусыз қалды: Орнатылғанына екі-ақ жыл болған жылу трассасы опырылып құлады
Зеренді ауылында 2021 жылы ғана салынған жылу құбырлары құлап, тұтас 7 мыңнан аса тұрғыны бар ауыл жылусыз қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға бүгін күндізгі сағат 12 шамасында болған. Металдан жасалған тіреу құрылымы құлап, салдарынан Ілиясов көшесін бойлай тартылған 200 метрден аса жылу трассасы құлап түскен. Жылу трассасы қатты құлағанынан құбыр жарылып, ыстық су аспанға атқылаған.
Бұл жағдайдың салдарынан Зеренді ауданының орталығы Зеренді ауылы толығымен жылусыз қалды. Жылу трассасы 2021 жылы ғана тартылғаны белгілі болды. Біз болған жағдай бойынша Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықовпен түсініктеме беруін сұрадық.
"Қазір құлаған жылу трассасын қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келісімшарт міндеттемелеріне сәйкес мердігер ұйыммен жұмыс жүргізілетін болады. Осыған дейін мердігер ұйым "Титан ТСК" ЖШС-мен Гагарин көшесі 25 мекенжайындағы "Зеренді Сервис" коммуналдық кәсіпорны орналасқан ғимараттан Ілиясов көшесіндегі орталық қазандықтың қолданыстағы желілеріне дейін ұзындығы 1,4 шақырым диаметрі 219 миллиметр болатын жылытылған мырышпен қапталған құбыр желілерін салу және блок-модульды қазандық орнату жұмысын жүргізген еді. Жылу желісі автомобиль көліктерімен қиылыспайтын жерлерде басқа үш метрден аспайтын биіктікте арнайы металл құрылымдарға және бетонды тастарға бекітілген. Бұл жылу желілері блок-модульды қазандықты осыған дейін қолданылған орталық қазандыққа жалғанған", - дейді Зеренді ауданының әкімі Әсен Жақсылықов.
Жылу желісі Гагарин, Верхняя, Чкалов, Элеваторный және Ілиясов көшелерінде.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек