Зеренді ауданында ауыл үш айдан бері сусыз отыр

Зеренді ауданында ауыл үш айдан бері сусыз отыр
Фото: Автордан

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Красный Кордон ауылының тұрғындары дабыл қақты. Ауыл үш айдан бері тіпті тамақ жібітерлік қасық су таппай, кенезесі кеуіп кеткенін ашына жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауыл азаматтарының айтуынша, тұрғындар соңғы үш ай бойы үнемі сусыз қалатын болыпты. Оған ұңғыма сорғысының сынуы себеп болған. Жергілікті билік су ұңғымасының сорғысын ауыстырғанымен оның қуаты жеткіліксіз болғандықтан, су құбырлардың бойына да жетпей қалатынын айтып отыр. 

"Міне, бірнеше ай бойы бізге су ұңғымасы сорғысын едәуір қуаты жоғарысына ауыстыруға уәде беріп келеді. Бірақ құрғақ қасық ауыз жыртып тұр. Тіпті басқа қуаты күшті сорғыға ауыстырған күннің өзінде  тозығы жеткен құбырлар қысымды көтере алмайды. Олар осыдан 36 жыл бұрын 1987 жылы төселген", - дейді ауыл тұрғындары. 

Ауылдағы ауызсу мәселесі соңғы үш айда тіпті қиындаған. Құбырлардың жиі жарылып кетуінің салдарынан оның қалпына келтірілуін күткен тұрғындар бірнеше күндер бойы сусыз қалуға мәжбүр болған. Жөндеу бригадасы да тұрғындарға құбырлардың шіріп кетуіне байланысты оған жөндеу жүргізудің аса күрделі екенін айтқан. Мұнымен қоса су жиналатын мұнара да жөндеуді қажет етіпті. 
Тұрғындар Зеренді ауданы әкімдігіне де жүгінген. Бірақ мәселе әлі де болса шешімін таппаған. 

"Су тек таңғы тоғыздан кешкі тоғызға дейін ғана. Қазір жаз бау-бақша егеміз. Мұнымен қоса, ауыл сыңсыған орманның ортасында тұр. Ал су болмаса өрт маусымының қауіпті кезеңінде орны толмас трагедияға да душар етуі әбден мүмкін. Әкімдік жауабын берді. Бірақ 600 метр су құбырының жөнделуі ештеңені де өзгертпейді. Өйткені су құбырының ұзындығы 9 шақырымды құрайды. Мерзімі көрсетілмеген. Бізге сәуір айынан бері "екі апта күтіңдер" деп келе жатыр. Тендер өткізе алмай-ақ қойды. Су сорғысы ғана емес, су жинау мұнарасы да қалпына келтіруге жатпайды. Құбырлар әбден тозып, шіріп кеткен. Тоғыз шақырымның 600 метрін ауыстырып енді 100 метр жоспарлап отырмыз деп қалай айтады. Қалған бірнеше километр су құбырын қашан ауыстырмақ? Оған іс жүзінде 40 жыл уақыт болды", - дейді Ольга Литвинова есімді ауыл тұрғыны. 

Аудан әкімдігі алдағы он күнде мәселені біржақты етуге уәде берді. 


"Аталған су құбыры "Зеренді Сервис" шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық кәсіпорынның теңгерімінде тұр. Бәйтерек ауылдық округінің әкімімен барлық қажетті шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, су жинау мұнарасына ағымдағы жөндеу жүргізу және 100 метр су құбырын ауыстыруға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Сондай-ақ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімімен Красный Кордон ауылының су құбыры желісіне де ұңғыма сорғысы сатып алынбақ. Қызмет көрсетуші ұйымның мәліметінше, су сорғысы 10 күн ішінде ауыстырылмақ", - дейді Зеренді ауданы әкімдігінен. 


Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы