АҚШ президенті Дональд Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский 4 шілдеде телефон арқылы сөйлесті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі УНИАН агенттігіне сілтеме жасап.
Зеленский бұл әңгімені "өте маңызды және пайдалы" деп атап, әуелі Трампты және бүкіл америкалықты АҚШ-тың Тәуелсіздік күнімен құттықтап, көрсетілген көмегі үшін алғыс білдіргенін айтты.
"Украина халқы көрсетілген барлық қолдауға алғыс білдіреді. Бұл бізге адамдардың өмірін сақтап қалуға және тәуелсіздігімізді қорғауға мүмкіндік беріп отыр. Біз Америкамен бірге көп нәрсе жасадық және қантөгісті тоқтату мен лайықты, тұрақты бейбітшілікті қалпына келтіру жолындағы барлық күш-жігерді қолдаймыз. Украина бейбітшілікке қол жеткізудің келісімін қолдайды және АҚШ ұсынған бастамаларға сенім артады", – деп жазды Зеленский X әлеуметтік желісінде.
Президенттердің айтуынша, сөйлесу барысында Ресейдің әуе шабуылдары және жалпы майдандағы жағдай талқыланған.
"Бүгін біз Ресейдің әуе шабуылдары және жалпы соғыс жағдайы жайлы сөйлестік. Президент Трамп бұл мәселелерден жақсы хабардар, бұған ризашылығымды білдіремін. Әуе шабуылына қарсы қорғанысты күшейту жайы қозғалды және біз бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеуге келістік. Арнайы топтардың кездесуі өтетіні жөнінде де уағдаластық болды", – деді Зеленский.
Сондай-ақ, ол қорғаныс саласындағы бірлескен өндіріс мүмкіндіктері де сөз болғанын айтты.
"Біз қорғаныс өнеркәсібі, бірлескен өндіріс мүмкіндіктері туралы да жан-жақты талқыладық. Америкамен тікелей жобаларға дайынбыз. Бұл әсіресе дрондар мен заманауи технологиялар бойынша қауіпсіздігіміз үшін аса маңызды", – деді Украина басшысы.
Axios порталының хабарлауынша, сөйлесу барысында Трамп Украинаға әскери көмектің шынымен тоқтатылғанын нақтылап тексеруге уәде берген.
Журналистердің дерегінше, екі ел президентінің әңгімесі шамамен 40 минутқа созылған және негізінен Украинадағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселесіне арналды.
Украиналық шенеуніктер мен дереккөздердің айтуынша, Трамп Ресей шабуылдарынан хабардар және Украинаға көмектескісі келетінін жеткізген.
"Трамп әуе қорғанысына көмектескісі келетінін айтты және көмек тоқтатылған болса, ол мәселені тексеретінін жеткізді", – деп мәлімдеді ақпарат көзі.
Украиналық тараптың айтуынша, тараптар қару-жарақ жеткізу мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс мәселелерін егжей-тегжей талқылау үшін арнайы топтардың жеке кездесуін ұйымдастыруға келіскен.
Айта кетейік, 25 маусымда Зеленский мен Трамп Гаагадағы НАТО саммитінде кездесіп, онда 40 минуттан астам уақыт әңгімелескен. Сол кезде де әңгіме Patriot жүйелерін жеткізу жайында өрбіген болатын.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Бөлек