Зеленский: “Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайынмын“

Зеленский: “Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайынмын“
Фото: ©️ x.com/zelenskyyua

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөз үстеліне отыруға дайын екенін айтты. Оның сөзінше, украиналықтар үшін бейбітшілік орнатудың жалғыз схемасы осы болса, бұл қадамға баруға әзір, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Украинская правда" басылымына сілтеме жасап. 

"Бұл украиналықтар үшін бейбітшілікке қол жеткізудің және адам өлімін болғызбаудың жалғыз жолы болса, әрине, біз оған барамыз", - деген Зеленский ұлыбританиялық журналист Пирс Морганға берген сұхбатында.

Сондай-ақ Зеленский бұл жағдайда Кремль басшысына деген жеке көзқарасы маңызды емес екенін айтты: "Мен оны жау деп санаймын. Шынымды айтсам, ол да мені жау деп санайды деп ойлаймын".

Ол Украина қазір барлық аумақты қайтара алмайтынын және нәтиже үшін миллиондаған адамды жоғалта алмайтынын мәлімдеді.

Зеленскийдің сөзінше, Украина осы соғыста ел үшін жанын қиғандарға берілген антты бұза алмайды. Сонымен қатар Конституцияны бұзуға және басып алынған аумақтарды ресейлік деп тануға болмайтынын да мәлімдеді.

Путин бұған дейін Зеленскийді заңсыз президент деп санайтынын, өйткені 2024 жылғы мамырда оның өкілеттік мерзімі аяқталғанын, демек бейбіт келісімге қол қоюға құқығы жоқ екенін айтты.

Ал Зеленский Украинада соғыс болып жатқан кезде сайлау өткізу мүмкін емес екенін жеткізді.

Еске салайық, бұған дейін Трамп Ресеймен және Украинамен өтетін кездесу жоспары туралы айтты.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget