- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Зеленский Беларусьті соғысқа...
"Зеленский Беларусьті соғысқа араласпауға шақырды". Украинадағы жағдай туралы не белгілі?
Украина мен Ресейдегі соғыс мәселесі әлі де өзекті. Бірнеше мәлімдеме жасалды. Украинадағы жағдай туралы не белгілі? Massaget.kz тілшісі шолу жасады.
Зеленский Беларусьті соғысқа араласпауға шақырды
Украина президенті Владимир Зеленский Беларусь тұрғындарын Ресей мен Украина арасындағы соғысқа араласпауға шақырды.
"Кремль сіздер үшін бәрін шешіп қойған. Бірақ сіздер құл да, оққа жем де емессіздер. Сіздер өлуге тиіс емессіздер. Беларусь халқы Украинаны қолдайтынын білемін, соғысты емес, бізді қолдайтыны сөзсіз. Сондықтан ресейлік билік сіздерді - белорус ұлтын араластырып, арамызда өшпенділік тудырғысы келеді", - дейді Зеленский.
Украинадағы соғыс заңсыз есірткі өндірісі өсуіне әкелуі мүмкін - БҰҰ
Біріккен Ұлттар Ұйымы Украинадағы соғыс салдарынан заңсыз есірткі өндірісі дамитынын мәлімдеді. Баяндамаға сәйкес, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Шығыс Азиядағы жағдай қақтығыс аймақтары синтетикалық есірткі дайындауда "магнитке" айналуы мүмкін.
Ресейдің Федерация кеңесі Украинамен келіссөз өткізу туралы айтты
Ресей Федерациясы кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенко Ресей мен Украина арасындағы келіссөз Киев Мәскеудің шартын қабылдаған жағдайда жүргізілуі мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, келіссөз "шынайы жағдайда" өтуі керек.
"Әрине, егер Батыс қаласа, Киевті келіссөз үстеліне отырғызып, оларды бейбіт келісімдерге қол жеткізуге мәжбүр етер еді. Олардың мақсаты мен міндеті басқа болды. Бүгінде ол бәріне белгілі. Бірақ Ресей келіссөзден қашпады, біз Украинамен келіссөз бастаған болатынбыз", - деді Матвиенко СТВ телеарнасы эфирінде.
Киевке зымыранмен шабуыл жасалды: Ресей азаматы зардап шекті
26 маусымда Киевке зымыранмен шабуыл салдарынан бір адам қаза тауып, бірнеше адам жараланды.
26 маусымда таңертең Украина астанасы Киевке бірқатар зымырандық шабуыл жасалды. Зымырандардың бірі Шевченко ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйге түсіп, жоғарғы үш қабатты жартылай қиратты.
Кем дегенде бір адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды. Тұрғындардың біразы үйінді астында қалды. Оқиға орнына өрт сөндіру және құтқару бөлімшелері барды. Ғимаратта өрт шыққаны хабарланды, өрт аумағы - 300 шаршы метр. Үйінді астынан жеті жастағы қыз, ал сәл кейінірек анасы шығарылды. Украиналық БАҚ әйелдің аты Екатерина Волкова екенін, Украинада шамамен 10 жыл тұрып жатқанын хабарлады. "Страна" интернет-басылымы Волкованың ресейлік төлқұжатының фотосуретін жариялады.
Киев мэрі Виталий Кличко кем дегенде екі адам жараланғанын және үйінді астында тағы бірнеше адам барын мәлімдеді. Шевченко ауданындағы балабақша аумағында тағы бір зымыран жарылды. Украина Жоғарғы Радасының депутаты Алексей Гончаренко өзінің Telegram-арнасында Киев пен оның төңірегіне жалпы 14 зымыран жіберілгенін жазды.
Путин Украинада соғыс басталғалы шетелге алғаш сапар жасайды
Reuters мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин осы аптада Орталық Азиядағы екі бұрынғы посткеңестік елдерге барады. БАҚ мәліметінше, Путин Тәжікстан мен Түрікменстанға барып, артынша Индонезия президентімен кездеседі. Душанбеде Тәжікстан президентімен кездеседі.
Украина соғысқа қанша қаражат жұмсайтыны белгілі болды
Украинаның ай сайынғы әскери шығындары 5-6 миллиард долларға жетеді, - деп хабарлайды DW.
АҚШ Халықаралық даму агенттігінің басшысы Саманта Пауэр Украинаға көрсетіліп жатқан қаржылай көмек әлі де жеткіліксіз екенін айтты. Оның сөзінше, Киев Ресеймен соғысқа ай сайын 5-6 миллиард долларға дейін жұмсап жатыр. Пауэрдің айтуынша, бұл өте қомақты қаражат және адам сенгісіз цифр болып тұр.
С. Сатыбалдина"АҚШ билігі Украинаға бөлген 7,5 миллиард ештеңеге де жетпейді, себебі мұндағы соғысқа адам сенгісіз қаражат жұмсалып жатыр. Біз жақын арада бұдан да көп қаражат бөліп, жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек", - дейді ол.