Кеше бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғана хабарланған болатын. Шетелде жасырынып жүрген атышулы қазақстандықтар жоқ емес. Massaget.kz тілшісі халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық шенеуніктердің тізімін жасады.
Күдебаев қайда?
Серік Күдебаев Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында іздеуде тұр. Сайттағы мәлімет бойынша, Серік Күдебаев 4 күннен бері іздеуде жүр. Алайда 3 наурызда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бұл мәлімдемеге қатысты пікір білдірген болатын. Ведомствоның баспасөз қызметі Күдебаев ресми жұмыс істеп тұрған өткізу пункттері арқылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан өтпегенін хабарлады. Бүгінде шектес мемлекеттердің шекара өкілдері аппаратымен өзара іс-қимылда тексеру тағайындалған.
Айта кетейік, 1 сәуірде қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары Алматы облысы Полиция департаментінің экс-басшысы Серік Күдебаев шетелге қашып кеткенін жазған болатын. Алайда ол уақытта ресми органдар ешқандай түсінік бермеді. Генерал Күдебаев былтыр сәуірдің аяғында өз еркімен қызметінен босатылды. Ал мамырда ол қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылды.
Бұған дейін полиция генерал-майоры Серік Күдебаев "билікті немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін" орташа қауіпсіздік колониясында тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін екені айтылды.
Сонымен қатар, 10 наурызда Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев ауруханаға түскен болатын. Генерал-майор Күдебаевқа қатысты үкім 10 наурызда шығуы керек еді. Алайда бұрынғы полиция басшысына қатысты сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді. Ал 27 наурызда Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет шегерілді. Артынша 20 наурызда Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілетіні белгілі болды.
Мұхтар Әбләзов
Негізі Әблязовтің кәсіпкер әрі шенеунік ретінде карьерасы табысты болған еді. 1998 жылдың сәуірінен бастап бір жарым жыл бойы Қазақстанның энергетика, индустрия және сауда министрі, 2005- 2009 жылдар арасында БТА банкі директорлары кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Бірақ оған тағылған айып та аз емес. ҚР Бас прокуратурасы оған үлкен көлемде алаяқтық жасады, жалған компаниялар арқылы ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деп айыптаған болатын. Экс-министрдің мемлекет бюджетінен нақты қанша ақша ұрлағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Кей дереккөздер бойынша, Әблязов өз жақтастарымен бірге оффшор арқылы 10 миллиард долларға дейін қаражатты қалтаға басқан.
2009 жылы кәсіпкер Қазақстаннан қашып, содан бері түрлі елде анда-санда қара көрсетіп жүр. Басында Ұлыбританияда тұрған, кейін автобус арқылы Францияға қашқан. Артынша француз түрмесіне қамалған. Бірақ Франция соты оны экстрадациялаудан бас тартып, ол бостандыққа шықты. Қазақстаннан бөлек, кәсіпкерге Ресей мен Украина да іздеу жариялаған.
Бүгінге дейін елімізде бірнеше сот оны сырттай соттап тастаған. 2017 жылы Әблязов сырттай 20 жылға сотталған еді. Ал 2018 жылы сот Ержан Тәтішевтің өліміне тапсырыс берді деген айыппен экс-шенеунікті өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Бүгінде Мұхтар Әблязовке қатысты 160-тан аса эпизод пен екі мыңға жуық томнан тұратын қылмыстық іс қозғалған.
Бергей Рысқалиев
2006-2012 жылдары Атырау облысының әкімі болған Бергей Рысқалиев 2012 жылы өз еркімен жұмыстан кетті. Осыдан кейін оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бюджет қаражатын жымқырды, сонымен қатар пара алды деген айыптар тағылды. 2013 жылы ағайынды Рысқалиевтерге халықаралық іздеу жарияланды.
2019 жылы қаңтар айында Атыраудың қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған соты Бергей Рысқалиевті 17 жылға бас бостандығынан айырған. Ол мемлекетке 72 миллиард теңге залал келтірген. Экс-әкім соттың айыптау үкіміне қатысқан жоқ, себебі ол бірнеше жылдан бері халықаралық іздеуде жүр.
Виктор Храпунов пен Лейла Храпунова
Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған Виктор Храпунов 2007 жылы Төтенше жағдайлар министрілігін де басқарған. Сол жылдың 1 қарашасында премьер-министрдің ұсынысымен ол қызметінен босатылған. Кейін ол Швейцарияға қоныс аударған.
Виктор Храпунов пен оның әйелі Лейла Храпуноваға 2012 жылы халықаралық іздеу жарияланған болатын. Оған қоса олардың дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шыққан. Оларға мемлекет қаражатын жымқырды, алаяқтық жасады, пара алды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылды.
2018 жылы Алматының мамандандырылған ауданаралық соты Храпуновқа 17 жыл, ал оның зайыбына 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Ерлі-зайыпты Храпуновтар мемлекетке 250 миллион доллар сомасында шығын келтірген. Осыған қарамастан Виктор Храпуновтың Швейцарияда тұрғылықты өмір сүруге рұқсат алғаны жайлы хабарланған.
Әкежан Қажыгелдин
1994-1997 жылдары Қазақстанның премьер-министрі болған. 1998 жылы Алматы қаласының прокуратурасы оның үстінен қылмыстық іс қозғаған. 1999 жылы Қазақстанның экс-премьер-министріне прокуратура қызметкерлері халықаралық іздеу жариялады. Экс-премьер-министрге қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды, бопсалаушылықпен айналысты және аса ірі көлемде пара алды, мемлекеттің қазынасына бірнеше миллион теңге залал келтірді деген айыптар тағылды.
2001 жылы Қазақстанның Жоғарғы соты Әкежан Қажыгелдинге сырттай 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кескен. Сондай-ақ оның дүние-мүлкін тәркілеу туралы шешім шықты. Ол уақытта оның АҚШ-та өмір сүріп жатқаны жайлы ақпарат тараған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!