Қазақстан азаматы Қырғыз Республикасынан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қаржы пирамидасы туралы
Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыстық топтың мүшелері 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстан аумағында QI-Tradе қаржы пирамидасын ұйымдастырып, 4,7 мыңнан аса салымшының жалпы сомасы 15 миллиард теңге қаражатын заңсыз иемденген.
Күдікті Қырғызстанға қашқан
Күдікті қылмыс жасағаннан кейін бой тасалаған, оған халықаралық іздеу жарияланған. Іздеуде бола тұра ол Қырғызстанда кісі өлтіріп, оны қырғыз соты соттаған.
Бас прокуратураның сұрауы бойынша күдікті уақытша ұсталды, қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін қылмыстық жауапқа тартқаннан кейін Қырғыз Республикасына қайтарылмақ.
"Көрші мемлекет аумағында жазасын өтегеннен кейін күдіктіні Қазақстан аумағында жасаған қылмысы үшін жаза күтеді", - деп жазылған хабарламада.
Бұл қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық топтың екі мүшесін Ресей мен Польшадан экстрадициялады, олар бірнеше жылға сотталған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова