Зауыт қабылдамайды: диқандар қант қызылшасын қайда өткізерін білмей дал

Жамбыл облысының диқандары қант қызылшасын қайда өткізерін білмей дал. Себебі биыл аймақта тәтті түбір рекордтық көлемде жиналып жатыр. Өнім 600 мың тоннадан аспақ. Ал өңірдегі қант зауыты оның бәрін қабылдай алмайды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.

Меркі қант зауытына өнімін өткізу үшін кезекте тұрған шаруалары жылда гектарынан 300-350 центнер өнім алатын диқандар биыл 3 есеге көп дақыл жинап жатқанын айтты. Биыл егілген 11 мың гектардың түсімі 600 мың тоннадан аспақ. Алайда аймақтағы Меркі қант зауыты өнімді өңдеп үлгере алмай жатыр.

"Ауданға 400 тонна лимит берді, 1 500 га  қант қызылшасы егілген. Зауыт қабылдайды. Бүл мәселе көмтемде айтылған", – деді шаруа Ерболат Саурықов

Аймақта екі қант зауыты болғанымен, тек Меркідегі кәсіпорын ғана тәтті түбір өңдейді. Биыл өнімнің мол болуына байланысты мекеме жұмысын 1 ай ерте бастапты. Бірақ бар қызылшаны өңдеуге қауқары жетпейді. Дегенмен зауыт мемлекеттен 10 миллиард теңгеге жуық жеңілдетілген несие алып, қондырғыларын жаңартқан. Соның арқасында қуаттылығын екі есеге арттырмақ.

"Биыл зауыт ертерек ашылды. Қызылша көп. Былтыр тәулігіне 2 мың тонна қабылдадық, автоматтандырылып, өңдейтін қант көлемі ұлғайды, – деді "Меркі қант зауыты" ЖШС бас директоры Нұржан Қарғабаев.

Жауапты басқарма мамандары өнімнің рекордтық деңгейде шыққанын растап отыр. Мәселені шешу үшін өнімді алқап басынан Талдықорғандағы зауытқа жібермек.

"Меркі қант зауытының" қуаттылығы 200 мың тонна. Бірақ Ауыл шаруашылығы министрі мөлшерін 450 мың тоннаға ұлғайтуға пәрмен берді.  Ал қалған қант қызылшасын Жетісу облысындағы "Ақсу қант зауытына" тасымалдау жоспарланып отыр. Ол жаққа баратын шаруалардың тізімі анықталған. Сондай-ақ Қырғыз еліне де жөнелту қарастылып жатыр", – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Лесбек.

Мамандар шаруаларға жылдағыдай қант қызылшасының әр келісіне 25 теңге субсидия берілетінін мәлімдеді. Ал өнімін "Ақсу қант зауытына" өткізетіндер үшін 1 келісіне 45 теңге беріледі. Бұл қаражат диқандардың жол шығынын ақтайды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз