Президент дәрігерлерге күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бүгін Ақордада медицина қызметкері күніне орай салтанатты іс-шара өтті.
"Қазір денсаулық сақтау жүйесінде 280 мыңнан аса маман қызмет етеді. Олардың мәртебесін көтеру және беделін күшейту еліміз үшін басымдыққа ие міндет болып қала береді. Дәрігерлердің қауіпсіздігін қатаң қадағалау жұмысы айрықша назарда болуға тиіс. Осы мәселеге былтыр кәсіби мереке қарсаңында өткен жиында арнайы тоқталдым. Сол себепті мен осы жылдың басында медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы заңға қол қойдым. Бұл шешім қоғамымызда берік орнығып жатқан Заң мен Тәртіп қағидатына толық сай келеді", - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерді әлеуметтік тұрғыдан қолдау шаралары туралы да айтты.
"Мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Кейінгі үш жылда сала мамандарына көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көлемі жеті есе ұлғайды. Медицина қызметкерлерінің жалақысы кезең-кезеңімен көтеріліп келеді. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа қазынадан 33 миллиард теңге бөлінді. Осындай шаралардың арқасында медицина саласындағы кадрлық ахуал да тұрақтала түсті. Сондай-ақ, шалғай ауылдарда еңбек ететін дәрігерлерге ерекше қолдау көрсетіліп келеді. Оларға бір реттік көтерме төлемдер беріледі. Былтыр 530 маманға жалпы сомасы 4,5 миллиард теңге қаржы бөлінді", - деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою.
"Ең заманауи ауруханалар мен озық құрал-жабдық жұмыстың басы ғана екенін түсінгеніміз абзал. Негізгі мәселе – білікті маман тапшылығын жою, мұның зардабын, әсіресе, ауылдық жерлер тартып отыр. Бұл үшін бастапқы медициналық-санитарлық көмек жұмысшыларын қолдау бағдарламасын әзірлеу қажет. Адамдарға көмектесуге бірінші болып келетін жандар мемлекет қамқорлығын сезінуі керек. Олар үшін лайықты жалақы, толық әлеуметтік пакет және жергілікті жерде жұмыс істеуге ынталандыратын тетіктер болуға тиіс", - деді Президент.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!