- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Запорожецпен" жол апатына...
"Запорожецпен" жол апатына түскен зейнеткер науқас балаларға ақшалай көмектесті
Ескі "Запорожец" көлігімен жол апатына түскен павлодарлық зейнеткер Ефим Купин науқас балаларға көмектесу үшін 4 миллион теңге аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
85 жастағы павлодарлық қария өзінің игі ісін Instagram желісінде жариялады.
"Маған көмектескен баршаңызға рақмет. Маған жиналған ақшаның төрт миллион теңгесін мұқтаж балаларға аудардық", - дейді зейнеткер.
Видеоны қала тұрғыны Назимхан Назымов өз парақшасында жариялады. Назимхан зейнеткер жол апатына ұшырағанда алғашқылардың бірі болып көмектесіп, есепшот ашқан.
"Мен волонтер де, блогер де емеспін. Атаның видеосын кездейсоқ көрдім. Қатты әсер етті. Менің жұмысым апат болған жерге жақын орналасқандықтан, Ефим Никитичті тез тауып алдым. Оны үйге апарып, банктен есепшот ашып, видеоға түсіріп, қала жұртшылығына жібердім. Аз болса да көмектесіп, біраз сома жинармыз деп ойлағанмын. Бірақ ақпарат БАҚ-та тарап кетті", - дейді павлодарлық.
Зейнеткерге көмек ретінде қазақстандықтардың қанша ақша жинағаны айтылмады. Бірақ зейнеткер сынған Toyota көлігін жөндеуге 4,1 миллион теңге төлеп қойған. Ал қалған сома уәде етілгендей науқас балалардың еміне аударылды.
"Ефим Никитич үш балаға төрт миллион теңге аударды. Бірақ тек бұл емес, қалған ақшаны ертең тағы бірнеше балаға аударамыз. Жеті балаға көмектесеміз деп отыр. Атаны бұлай істеуге ешкім мәжбүрлеген жоқ. Алаяқтарға тап болмас үшін балалардың ата-анасына хабарласып жатырмыз", - деді Назимов.
Дәлел ретінде ер адам зейнеткер Купиннен көмек алған балалардың аналары жіберген видеоны тіркеген. Павлодарлық әйелдердің бірі Тбилисиде ем алып жатқан кішкентай қызына Ефим Никитичтен екі миллион теңге алғанын растады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
21 қыркүйекте сотта "Запорожец" ЖКО бойынша әкімшілік іс қаралды. Зейнеткер жол жүру ережесін бұзып, көлік құралына зақым келтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Жеңілдікті есепке алғанда жалпы сома 43 мың теңгеге жуықтады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек