- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Заңсыз шығарылған активтерді...
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару: Үкімет ауқатты адамдарды тексермек
Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі комиссия отырысында жаңа тұлғаларды тиісті реестрге енгізіп, тексеру мәселесі талқыға салынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырыс Премьер-министр Әлихан Смайыловтың қатысуымен өтті.
Бұған дейін реестрге енгізілген кейбір тұлғалар бойынша кінәсін мойындау және заңсыз алынған мүлікті өз еркімен қайтару туралы процессуалдық келісім жасау жоспарланғаны хабарланған.
Сондай-ақ, реестрдегі жекелеген субъектілердің және оларға үлестес тұлғалардың шығу тегі түсініксіз мүлкін мемлекет кірісіне аударуды мәжбүрлеу туралы талаптар қойылмақ.
Әлихан Смайылов президенттің заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы шешімі – "әділетті Қазақстанды" құру процесінің жалғасы екенін атап өтті. Кейінгі 2 жылда елімізге жалпы сомасы 1 триллион теңгеге жуық активтер қайтарылды.
Бүгінде ауқымды жұмыс аясында 344 жылжымалы және жылжымайтын мүлік объектісі, оның ішінде шетелде 131 объект анықталды. Жалпы құны 448 млрд теңге болатын құнды қағаздар бойынша мәлімет алынды.
Сомасы 220 триллион теңге болатын банк операциялары, оның ішінде сомасы 1,4 триллион теңге болатын күмәнді операциялар тексеріліп жатыр.
"Біздің ортақ міндетіміз - заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды қамтамасыз ету және оларды қоғам мен мемлекет игілігі үшін пайдалану", - деді үкімет басшысы.
Комиссия отырысында премьер-министр мемлекеттік органдарға тиісті тапсырма берді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!