ҚМА Қостанай облысы бойынша департаменті криптовалютаның заңсыз айналымын іске асырған екі адамға қатысты сотқа дейінгі іс қозғады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қостанай қаласында криптовалюта платформасында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымын жүзеге асырған, аса ірі көлемде кіріс алған адамдардың заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді.
Клиенттерді тарту үшін олар криптовалюта алмасу веб-сайтын жасаған, сол арқылы кез келген адам криптовалюта айырбастауына өтініш бере алған.
"Олардың тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту нәтижесінде заңсыз әрекетті растайтын заттар: жүйелік блоктар, ноутбуктер, криптовалюта биржаларының қосымшалары бар ұялы телефондар, криптовалюта айырбастау пунктінің сайты, сондай-ақ, логин және криптовалюта биржасында шоттың құпия сөзі жазылған құрылғы табылды", - деп жазылған ведомство мәліметінде.
Күдіктілердің мүлкі мен криптовалюта шотындағы қаражат тәркіленді.
Кепілсіз цифрлық активтерді сатудан түскен заңсыз кіріс шамамен 1 миллион 350 мың АҚШ доллары болады. Тергеу жалғасып жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!