Жаңа жылда мерекелік отшашуларға деген қызығушылық артады. Алайда бұл көңіл көтеру құралын пайдалану кезінде заңды ескермеу азаматтарды әкімшілік жазаға тартуға әкелуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес қоғамдық қауіпсіздік талаптарын бұзып, рұқсатсыз пиротехникалық құралдарды қолдану үшін жауапкершілік қарастырылған. Мұндай жағдайда азаматтарға 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады немесе әкімшілік қамауға алу шарасы қолданылуы мүмкін.
Сонымен қатар отшашуды рұқсат етілмеген жерлерде қолдану көршілердің тыныштығын бұзып, ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы бойынша қосымша жазаға әкелуі ықтимал. Бұл бап бойынша айыппұл мөлшері 3 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.
Тыйым салынған, шектелген тауарлар және өзге де заттарды сатқаны үшін 86 250 теңге мөлшерiнде айыппұл салынады (ӘҚБтК 196-бабы).
Жеке тұлғалардың тыныштығын, белгiленген тәртiптi пиротехниканы қолдана отырып бұзғаны үшін 69 000 теңге мөлшерiнде айыппұл салынып, пиротехникалық бұйымдар тәркiленеді (ӘҚБтК 436-бабы).
Тұрғындардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін, жұмыс күндері сағат 22:00-ден таңғы 9:00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23:00-ден таңғы 10:00-ге дейін тыныштықты бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 17 250 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 69 000 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 103 500 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 345 000 теңге мөлшерінде айыппұл салынады.
Рұқсатсыз сатылған немесе қолданылған пиротехникалық құралдардың салдарынан туындаған залал немесе жарақат үшін қылмыстық жауапкершілік те қарастырылуы мүмкін. Сондықтан отшашу сатып аларда оның заңды сатушыдан алынғанына, сапасы мен сертификатының бар екеніне көз жеткізіңіз.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!