Ішкі істер министрлігі заңсыз көші-қон арналарын анықтады. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері бірнеше қылмыстық топты ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан және Жамбыл облыстарында қолдан жалған құжаттар жасау және оларды бұрмалау арқылы шетелдік азаматтардың заңсыз көші-қонын ұйымдастыруға қатысы бар үш қылмыстық топтың жолы кесілді.
Батыс және Солтүстік Қазақстан облыстарында шетелдіктерді іргелес мемлекеттің аумағына шекараның қиылысқан жерлері арқылы заңсыз тасымалдауға ниет білдірген қазақстандықтарға қатысты қылмыстық істер тергеліп жатыр.
Қызылордада шетелдіктердің Қазақстан аумағында заңсыз болуы үшін жалған анықтамалар дайындау бойынша делдалдық қызметтер көрсетумен айналысқан адамдар ұсталды.
"Барлық дерек бойынша 20-дан аса адам қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Олардың мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға тартылуы мүмкін. Заңсыз көші-қон арналарын жою жұмыстары жалғасып жатыр", - деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!