Шығыс Қазақстан облысында шенеуніктер бір көзден заңсыз келісімшарттар жасаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураға сілтеме жасап.
ШҚО прокуратура органдары төтенше жағдайлардың салдарын оқшаулау және жою үшін мемлекеттік сатып алу шарттары қаншалық заңды екенін тексерген. Талдау нәтижесінде 1,4 млрд теңге сомасына заңсыз жасалған 78 келісімшарт анықталды.
Осы шарттарды жасау кезеңінде төтенше жағдай жарияланбағаны, тиісінше, бір көзден шарттар жасасуға негіз болмағаны анықталды. Атап айтқанда, ЖАО қарды шығару, әкімшілік ғимараттарды ағымдағы жөндеу, мұздан тазартатын реагенттер және т.б. тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алған.
Қолданыстағы заңнамада көзделмеген жағдайларда тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырғаны үшін лауазымды адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бүгінгі күнге дейін шенеуніктер 14 млн теңге көлемінде айыппұл төлеген.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз