- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Заңсыз жолмен алынған...
Заңсыз жолмен алынған активтер: Сенат заң жобасын мақұлдады
Сенат бүгін заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы заң жобасын мақұлдады. Оны депутаттар екі оқылымда қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заң жобасы Қазақстанға заңсыз жолмен алынған мүлікті анықтау мен қайтарудың және оларды заңды экономикалық айналымға тартудың заңнамалық тетіктерін айқындауға, мүлікті заңсыз иемдену мен алып қоюға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған. Бұған дейін айтылғандай, заң жобасында активтерді ерікті және мәжбүрлі қайтару қарастырылған.
"Ерікті қайтару заңсыз алынған мүліктің барлығын немесе бір бөлігін өз еркімен қайтару туралы шарттар жасасу арқылы мемлекет меншігіне беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжбүрлеп қайтару Қазақстанның, шет мемлекеттердің сот актілері немесе олардың құзыретті органдарының шешімдері негізінде жүзеге асырылады. Онда қайтарылған активтерді жинақтау және Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыру үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құру қарастырылған", - деді сенатор Андрей Лукин.
Заң жобасында қазақстандық құқыққа азаматтық тәркілеудің жаңа институты енгізіледі, ол қазіргі уақытта шет елдерде кеңінен қолданылады.
Негізгі заң жобасынан басқа, сенаторлар оның нормаларын іске асыруға бағытталған бірнеше ілеспе заң жобаларын мақұлдады. Барлығы еліміздің 11 кодексі мен 15 заңына түзетулер енгізілді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина