- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Тұрғындарды құрылысшы компания алдаған
Заңсыз жер, сапасыз үй: Sensata City тұрғындары наразылық танытты
Алматыдағы Sensata City тұрғындары құрылыс салушы Sensata Group компаниясының уәдесін орындамауына байланысты БАҚ өкілдерінен көмек сұрады. Тұрғындар пәтерлерін "жайлы" санатта деп сатып алғанымен, кейіннен "эконом" санатына жататынын анықтаған. Сонымен қатар автотұрақ мәселесі, қызмет көрсету сапасының нашарлығы және терезелердегі ақаулар секілді басқа да қиындықтар туындағанын мәлімдеді. Мәселенің мән-жайын Massaget.kz тілшісі анықтауға тырысты.
Sensata City тұрғын үй кешенінің алдына жүздеген тұрғын жиналды. 1515 пәтерден тұратын кешеннен 200-ден астам пәтер иесі жұмыс күнінде уақыттарын қиып келді. Бұған дейін сабырмен келген жұрттың бұл жолы шыдамы таусылған. Жарнамаларында "әрбір ұсақ-түйекке дейін ескерілген" деп уәде етілген кешеннің ішкі жағдайы сыртқы әдемі көрінісіне сәйкес келмейді. Тұрғындар құрылыс сапасының нашарлығы мен инфрақұрылымдағы кемшіліктерден шаршағанын айтады. "Әдемі қабырғалардың артында шындық басқаша", - дейді олар.
© Суретте: Тұрғын үйдің макеті \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
© Суретте: Наразы тұрғындар \ Нұрбол Ынтымақұлы
Олар келесі мәселелерді атап өтті:
- Кластың сәйкес келмеуі - бастапқыда "эконом комфорт" санатында сатылған пәтерлердің сапасы жарнамада айтылған деңгейге сай келмейді.
- Құрылыс сапасының төмендігі - терезелерде мұз қатуы, қабырғалардың көгеруі, құбырлардың жиі жарылып, үйдің су басуы сияқты мәселелер қалыпты жағдайға айналған.
- Қаржылық есептің дұрыс жүргізілмеуі - тұрғындар қаржы есебіндегі кемшіліктерге де наразы, бұл кешенге қатысты сенімді одан ары азайтып отыр.
- Қауіпсіздіктің жеткіліксіздігі - тұрғындар кешенде атыс болғанын және қауіпсіздік шараларының әлсіздігін алға тартты.
- Тұрақ және қызыл сызық мәселесі - кешеннің көлік тұрағы жеткіліксіз, ал құрылыстың бір бөлігі қызыл сызықтың үстінде орналасқан, бұл тұрғындар үшін қосымша қолайсыздық туғызып жатыр.
Жүздеген тұрғын жиналып, осы проблемаларға назар аударуды талап етті. Әрқайсысына жекелей тоқталайық.
"Алданып қалғанымызды түсіндік"
© Суретте: Ботагөз Талқамбаева тұрғын \ Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындарға пәтерлер 3-санатты "комфорт" ретінде сатылғанымен, уақыт өте құрылыс компаниясының өкілі оны 4-санатты "эконом" деп хабарлаған. Жұрт артық шығындалғанымен, неге бұлай болғанын түсінбей дал.
"Пәтерлерді сатып алғаннан кейін құжаттарды қарап, бірнеше тексеріс жүргізіп, алданғанымызды түсіндік. Сатып алу кезінде пәтерлердің 3-санатты "комфорт" үй, жабық аумақ, қауіпсіз алаң, жерүсті автотұрағы бар тұрғын үй кешені екенін айтқан. Бізге бұл ақпараттарды Astana Realty Group менеджерлері айтып, буклеттер таратқан болатын. Алайда құрылыс салушы компанияның өкілі Дархан Қалдыбек пәтер иелерімен ортақ чатта бұл үйдің 3-санат емес, 4-санат екенін хабарлаған. Құрылыс құжаттамасы тиісті мекемелерге тапсырылған екен. Біз "эконом" санаттағы үйді неге комфорт үй бағасымен сатып алғанымызды түсіне алмай отырмыз", - дейді Ботагөз Талқамбаева.
"Терезелерге мұз қатып, жақтаулар көгеріп жатыр"
© Суретте: Көгерген жақтау, буланған терезе \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
© Суретте: Төбеден аққан су \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
Тұрғындар сапасыз терезелердің кесірінен қыста пәтерлерінің суық болғанын айтты. Тіпті жақында құбыр жарылып, үйді су басқан екен. Құрылыс компаниясы бұл мәселені баяу шешіп жатқан көрінеді.
"Өткен қыста көптеген тұрғын терезелердің сапасыздығынан зардап шекті. Терезе жақтауларынан суық кіріп, әйнектерге мұз қатты. Жақтаулар көгеріп, пәтерлер жылынбады. Жөндеу жұмыстары зая кетіп, тұрғындар қайтадан өз ақшаларына жөндеу жүргізуге мәжбүр болды. Қазір кезекте 140 пәтер тұр, қысқа дейін біте ме, айтылмады. Екі-үш күн бұрын құбыр жарылып, үйді су басты. Қызмет көрсетуші компания өте баяу қимылдады", - деп түсіндірді тұрғындар.
"Ешқашан қаржылық есеп бермеген"
© Суретте: Тұрғын \ Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындар қызмет көрсету компаниясының қаржылық есеп берудегі ашықтығының өз деңгейінде еместігіне де шағымданды. Қазіргі есеп құжаттарында әлі де бұрынғы директор аты жүргенге ұқсайды.
"Қызмет көрсету компаниясының бұрынғы директоры тұрғындардан төлемдерді жеке нөміріне қабылдап, ешқашан қаржылық есеп бермеген. Ол қызметінен осындай заңсыз әрекеттері үшін босатылғанымен, құжаттарда әлі де директор ретінде көрсетілген. Оның орнына келген Жанат мырзаның аты жоқ. Оның үстіне былтыр қыста қар тазалауға жинаған қаржымыздан артылған сомма бар еді, оның да қайда кеткені белгісіз", - деді тұрғындар.
Автотұрақтағы атыс: "Біз балаларымызды қауіпсіз ортада өсіргіміз келеді"
© Суретте: Оқиға орынан оқ гильзасы \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
Тұрғындар ауласының жабық алаң болмауы қауіпсіздікке қатысты проблемалар туындатқанын айтты.
"Біз пәтерлерді сатып алар кезде ауламыз жабық деп айтылған. Шын мәнінде, ол қоғамдық орынға айналған. Көктемде аулада атыс болғаны белгілі, алайда бұл туралы басқарушы компания айтпай, жасырып отыр. Біз балаларымызды қауіпсіз ортада өсіруіміз керек еді, бірақ алаң ашық, қылмыстар болып отыр", - дейді тұрғындар.
"Тұрғындар арасында келісіп, аулаға артық көлік кіргізбеуге тырысамыз"
© Суретте: Амалсыз белгіленбеген орында тұрған көліктер \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
© Суретте: Аулаға сыймай, қоқыс маңына қойылған көліктер \ Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындар "1 пәтер - 1 автотұрақ" жарнамасына қызыққанымен, қазір көлік қоюға орын таппай жүр. Уәде етілген автотұрақ орындарының саны жеткіліксіз. 1515 пәтерге небәрі 460 орын ғана бар.
"Sensata City тұрғын үй кешенінде жерүсті автотұрағы жетіспейді. 3-санат бойынша құрылыс салушы компания бір пәтерге 0,5 автотұрақ орнын беруі керек еді, алайда бізге 950 орынның орнына тек 460 автотұрақ салып берді. Қонақтарға арналған тұрақ мүлде жоқ. Бұл біздің пәтер таңдауымызда шешуші фактор болған еді. "1 пәтер - 1 автотұрақ" деп жарнамаланған. Енді тұрғындар өзара келісіп, артық көлік келмеуін қадағалауға мәжбүрміз", - дейді тұрғындардың бірі.
"Тіпті автотұрақ та белгіленбеген"
© Суретте: Тұрақта белгілер байқалмайды \ Нұрбол Ынтымақұлы
Тұрғындар автотұрақ белгілерінің болмауына да шағымданды. Енді құрылыс салушы компания мұны тұрғындар өздері жасап алуы керек екенін айтып отыр.
"Автотұрақ белгілері жоқ. Бұл жұмысты құрылыс салушы компания пайдалануға бергенге дейін жасауы керек еді. Енді олар мұны біздің есебімізден жүргізбек", - дейді тұрғындар.
"Біз территориямыздың тұтастығы сақталғанын талап етеміз"
Тұрғындардың айтуынша, Алматы қаласының бас жоспары бойынша тұрғын үй кешенінің маңайында жаңа көлік жолдарын салу жоспарланып отыр.
"Біздің аумақтың бір бөлігі "қызыл сызықта" орналасқан. Егер Ұлықбек көшесін ұзартса, автотұрақ алаңдары қысқарады, ал көшенің тереземіздің астынан өтуі бізге қолайсыз. Біз аумағымыздың тұтастығы сақталғанын талап етеміз", - дейді тұрғындардың бірі Айгүл Есенбаева.
© Суретте: Жарнама бойынша тұрақ көрсетілген \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
© Суретте: Бас жоспарда бұл орын қызыл сызықтың сыртында \ Тұрғындардың жеке архивтерінен
Компания өкілдері не дейді?
© Суретте: Sensata Сервис басшысы Жанат Жақыпбаев\ Нұрбол Ынтымақұлы
Аталған мәселелерге қатысты оқиға орнына келген Sensata Сервис (Sensata групп қарамағындағы компания) басшысы Жанат Жақыпбаев жауап қатты.
"Пәтерлер бастапқыда "эконом" санатта салынып, кейін қосымша жұмыстар жүргізіліп, жайлылық деңгейі көтерілді. Қазір бұл тұрғын үй кешені "комфорт" санатына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта 460 автотұрақ орны бар, қосымша 300-ден астам орын салу жоспарланып отыр, құрылыс жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Тұрғындардың терезелерін ауыстыру жұмыстарының 65 пайызы аяқталды, бірақ нақты қашан аяқталатынын айта алмаймын. Біз барлық қаржылық есептерді заңды түрде ұсынып жатырмыз, бірақ тұрғындар бұл есептерге сенімсіздік танытуда. Көше салу жоспары бойынша нақты шешім қабылданған жоқ, бірақ аумақтың бір бөлігі қызыл сызықта орналасқан. Біз бұны анықтаймыз", - дейді сервис басшысы.
Сервис басшысы тұрғын үйді толық автотұрақпен қамтамасыз ету, терезені толық қашан ауыстырып бітіретіні, қызыл сызықтың құрылысқа дейін неге ескерілмегені жайлы сұрағымызға жауап бере алмады.
"Жағдайды компания өзі реттеуі керек"
Дегенмен қызыл сызыққа байланысты Алматы қаласы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы Жанат Сайбақов жауап қатты. Ресми өкілдің сөзінше, компания ескертпелерді ескермеген.
"Ол жерде жол эскиз бойынша бұрыннан бар. Компания тұрғын үйді сол сызыққа дейін соғу керек болған. Бірақ қазір онда автотұрақ тұр. Жағдайды компания өзі реттеу керек", - дейді Жанат Сайбақов.
Мыңнан астам тұрғын қазіргі таңда қордаланған мәселенің шешімін кімнен сұрарын білмей отыр.
Бұған дейін Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің қабырғасы сөгіліп, құлауға шақ тұрғаны жайлы жазғанбыз. Тұрғындар қабырғалардың сөгілуіне құрылыс кезіндегі қателіктер себеп болғанын айтқан еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Н. Ынтымақұлы