Заңсыз ет сатқан цехтар әшкере болды
ІІМ ет өңдеумен айналысқан заңсыз цехтарды анықтап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кейінгі бес жылда Қазақстанда мал ұрлығының саны 37%-ға азайды. Сондай-ақ, 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылғы екі айда бұл қылмыс түрі 47,2%-ға төмендеген.
Былтыр екі айда мал ұрлығының 217 дерегі тіркелсе, биыл 152 дерек анықталыпты.
Қазір ел аумағында "Мал ұрысы" жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
"Семей қаласынан 17 шақырым жерде тиісті құжаттарсыз және ветеринариялық-санитариялық бақылаусыз етті қайта өңдеп, сатқан заңсыз цех анықталды. 350 бас ірі қара мал, ет өнімдері және етті бөлшектеуге арналған арнайы жабдықтар, 96 құлақ жапсырмасы тәркіленді", - деп жазылған хабарламада.
Шымкентте осыған ұқсас тағы бір цех анықталды. 30-дан аса ірі қара мал және 40 жылқы тәркіленді.
Жетісу облысында еркін жайылымнан бес сиыр ұрлап әкеткен ер адам ұсталды.
"Барлық дерек бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады", - деді ведомство өкілі.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова