Заңсыз есірткі өндірісі ең қауіпті есірткі қылмысының қатарына жатқызылады. Мәжіліс есірткі, психотроп заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері туралы заңды екінші оқылымда қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жаңа нормалар есірткіні "жасау" және "өндіру" ұғымдарын нақты ажыратады. "Өндіру" ұғымының негізгі белгілеріне жасырын есірткі зертханаларына тән "сериялық" сипат жатады.
"Есірткіні заңсыз өндіру өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жазалауға әкеп соғады, есірткі қылмыстарының аса қауіпті түрлеріне теңестіріледі. Есірткі құралдарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу және сату мақсатымен өндіру Қылмыстық кодекске жаңа 297-1-бап ретінде енгізіледі. Бұл бапқа сәйкес есірткі өндіру үшін 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған", - деп жазылған ақпаратта.
Сонымен қатар есірткі өндірушілер мен таратушылардың қылмыстық жауапкершілігі ажыратылды.
Заңда есірткі құралдарын, психотроп заттарды, олардың аналогтарын өндіру мен оларды сатуды ажыратудың жаңа тәртібі белгіленген.
"Есірткі құралдарын заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау, сату мақсатымен жіберу немесе өткізу бұрынғыдай Қылмыстық кодекстің 297-бабымен реттеледі. Бұл бап бойынша жаза саралаушы белгілерге байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, лауазымды адамның қызметтік жағдайын пайдалана отырып жасаған мұндай әрекеттері үшін он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге (бұрын 10 жылдан 15 жылға дейін болған) бас бостандығынан айыру қаупі бар. Есірткіні таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту мақсатымен ҚР ҚК 301-бабы мүлікті тәркілеу түріндегі қосымша санкциямен толықтырылды. Қылмыстық кодекс күшті әсер ететін заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымы үшін жауапкершілікті (301-бап), сондай-ақ осындай заттар мен прекурсорларды қолдану ережелерін сақтау міндеті жүктелген тұлғалардың бұл ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілікті (303-бап) көздейтін нормалармен толықтырылды", - деп жазылған ақпаратта.
Айта кетейік, бүгін Мәжіліс отырысында Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Дмитрий Колода "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың және олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде баяндама жасады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!