Ташкентте Қашқадария облысынан келген 28 жастағы ер адам көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтерде заңсыз діни мектеп ашқан. "Мұғалімнің" соққысынан қашқан бала пәтердің терезесінен құлап кеткен. Осыдан кейін заңсыз мектеп әшкере болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Nuz.uz сайтына сілтеме жасап.
Ер адам діни білімі жоқ бола тұра балаларға ислам негіздерін үйретіп, оқушыларды үнемі соққыға жыққан. Соққыға шыдамаған балалардың бірі қашпақ болып: ұзартқыш сымды терезе жақтауына байлап, сыммен төмен сырғып түспек болған. Алайда бала құлап кеткен. Оның бірнеше жері сынып, буыны шыққан.
Осы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары пәтерге қызығушылық танытқан. Ер адам 15 балаға діни білім берумен айналысып, әрқайсына 200 мың сумнан ақша алып отырғаны белгілі болды. Тексеру барысында белгісіз баспаханадан шыққан араб тіліндегі 14 кітап табылып, тәркіленген.
Балалардың денесінен көптеген жарақат пен көгерген жерлер анықталды. Бұл ретте оқушылардың туыстары балалары соққыға жығылғаны туралы ештеңе білмегенін айтқан.
Ер адамға қатысты Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 241-бабы ("Діни наным-сенімдерді оқыту тәртібін бұзу") бойынша әкімшілік хаттама толтырылған. Ол 15 тәулікке қамауға алынғаны айтылды. Балаларды ұрып-соғуға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оның қорытындысы бойынша оларды ұрып-соққан "мұғалімді" жазалау туралы шешім қабылданады, дейді авторлар.
Оқушылардың ата-аналарына қатысты Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 47-бабы ("Балаларды тәрбиелеу мен оқыту жөніндегі міндеттерді орындамау") бойынша хаттамалар толтырылған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!