Ұлытау облысында алаяқтар жәбірленушінің 26 млн теңге сомасындағы қаражатын иемденген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оның 15,4 млн теңге сомасындағы бір бөлігі "дроппердің" шотына аударылғаны анықталды.
Жәбірленуші Азаматтық кодекстің 953-бабы тәртібінде негізсіз байлықты "дропперден" өндіріп алу туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Сот қарауының нәтижесі бойынша жәбірленушінің талап-арызы қанағаттандырылды.
Былтыр Ұлытау облысында сот 69 млн теңге сомасына 42 талап-арызды қанағаттандырған. Биыл сот 28,3 млн теңге сомасына 13 талап-арызды қанағаттандырды. "Дропперлердің" алаяқтыққа қатысы бары анықталса, олар сыбайлас ретінде қылмыстық жауаптылыққа тартылады.
Ұлытау облысының прокуратурасы азаматтарға оңай табыс табу туралы ұсыныстардан сақ болуды, жеке деректерді бермеуді және мұндай схемаларға қатысудан бас тартуды ұсынады.
Өйткені қазір қылмыскерлер "дропперлерді" қылмыстық мақсатта пайдаланатын алаяқтық деректері жиіледі. "Дропперлер" заңсыз жолмен алынған ақшаны алаяқтарға өз шоттары арқылы аударады немесе банк карталарын береді, осылайша нағыз қылмыскерлердің іздерін жасырады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова