Бас прокурор Берік Асылов "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында заңсыз иемденілген активтер туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Үкімет жанындағы комиссия отырысында активтер есебінен Арқалық қаласында 120 орындық дарынды спортшы балаларға арналған спорт кешенін, Астанада тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығын, Алматыда 400 орындық ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығын салу мақұлданды.
"Қазір Бас прокуратура комитеті 18 млрд теңгеден аса сомаға 7 әлеуметтік жобаны іске асыру туралы келісімдер жасасты. Сондай-ақ Үкімет Арнайы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен Ақмола облысының Зеренді ауылында спорт кешенін, Түркістан облысының Темірлан ауылында музыка мектебін, Ақтөбе қаласында ерекше балаларға арналған арнайы балабақша мен Атырау облысының Жамансор ауылында мектеп салу туралы шешім қабылдады", - деді Берік Асылов.
Еске салайық, бұған дейін заңсыз активтердің 2,6 млрд теңгесі қайда жұмсалатыны белгілі болды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!