ҚМА Актөбе облысы бойынша департаменті заңсыз онлайн казино ұйымдастырған қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдіктілер 2022-2024 жылдар аралығында ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, bingo37.pro платформасы арқылы заңсыз ойын бизнесін басқарған.
Қатысушылардан ақшалай бәсті операторлар банк аударымы арқылы қабылдаған, содан кейін оларды платформаға тіркеп, ойынға қатысу үшін логин, құпиясөз және сілтеме ұсынған.
Қылмыстық табысты заңдастыру мақсатында күдіктілер көлденең адамдарды тартып, олардың атына банк карталарын рәсімдеген. Ақшаның қылмыстық ізін жасыру мақсатында осы карталар арқылы қомақты ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
"Заңсыз онлайн казиноның қызметінен күн сайын 150 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ақша түсіп отырған. Топтың жалпы қылмыстық табысы 306 миллион теңгеден асқан. Қаржылық тергеу барысында күдіктілер заңсыз ақшаға жалпы құны 66 миллион теңге болатын Toyota Land Cruiser және Lexus EC 250 маркалы екі көлік алғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Олар көліктерді сенімді адамдардың атына рәсімдеген. Сот санкциясымен көліктерге тыйым салынды.
Ұйымдастырушыларға сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады. Соталды тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін газ ұрлап, вагондап тасыған қылмыстық топ ұсталды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!