Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов ҚР Үкіметі отырысында жария ету акциясының жұмыстары туралы есеп берді. Бұл туралы премьер-министрдің ресми сайты хабарлады.
Министрдің айтуынша, мүлікті заңдастыру бойынша акцияның аяқталуына үш айға жуық уақыт қалды.
«2016 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 2,7 трлн теңге заңдастырылды, оның ішінде 853,2 млрд теңге – мүлікті заңдастыру, 1 813,8 млрд теңге – ақшаны заңдастыру», – деп мәлімдеді Б. Сұлтанов.
Оның айтуынша, бұл сома республика аумағында орналасқан заңдастырылған мүлікті қамтиды – 104 903 нысан және 846,3 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар, сондай-ақ, шетелдік мүлік түріндегі 159 нысан және 6,9 млрд теңгені құрайтын құнды қағаздар.
«Өткен рақымшылық капиталының тәжірибесі бойынша заңдастырылған қаражаттың ең көп мөлшері негізінен акцияның соңғы 2-3 айында келетінін байқадық. Мәселен, өткен 2006-2007 жылдардағы заңдастыру кезінде заңдастырылған барлық қаражаттың 75 пайызы соңғы тоқсанында келді. Осыған байланысты, жыл соңына дейін заңдастырылған капитал мөлшері айтарлықтай өседі деп күтілуде», – деді Қаржы министрлігінің басшысы.
Б.Сұлтанов, сондай-ақ, өткен жылы банк шоттарына енгізілген қаражаттың орташа мөлшері 6,3 млрд теңгені, ал осы жылдың соңғы тоқсанында 250 млрд теңгені құрағанын айтты.
Министрдің мәлімдемесіне сәйкес, заңдастыру үшін барлығы 4 201 арнайы банк шоты ашылған. Банк арқылы аударымсыз, яғни арыз түрінде барлық жиынтықтың 10 пайызын бюджетке төлеу арқылы барлығы 6,4 млрд теңгені құрайтын қаржыны 60 адам заңдастырған.
«Заңға өзгеріс енгізілгенге дейін 10 айдың қорытындысы бойынша әкімдік алдында комиссия арқылы мүлікті қаржыландырудың орташа айлық қарқыны 48 млрд теңгені құрады. 2015 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда, яғни заңнаманы ырықтандырудан кейін орташа есеппен 2 есеге өсті», – деді Б. Сұлтанов.