Көшеден, автобуста немесе таксиден кенеттен қомақты ақша тауып алсаңыз не істеу керек? Өзіңізге қалдыра аласыз ба? Әлде полицияға бару керек пе? Бұл туралы Tengri Life заңгер Данияр Байғабатовпен сөйлесті.
Тауып алған ақшаны өзімде қалдыруға бола ма?
Көшеден ақша тауып алып, оның кімдікі екенін білмесеңіз, міндетті түрде полицияға хабарласу керек дейді маман.
"Заңға сәйкес, біреу ұмытып кеткен затты тауып алған соң, оны өзіңізде қалдыра алмайсыз. Оны иесіне қайтару үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек, әйтпесе сіз ұрлаған болып есептелесіз. Жергілікті әкімдікке де хабарласуыңызға болады, бірақ табылғаны туралы полицияға арыз беру керек", - дейді ол.
Данияр Байғабатов полицияға арыз жазылғаннан кейін табылған затты анықтаған адам немесе полицей өзінде сақтай алатынын айтады.
"Алты айдан кейін бұл табылған затты ешкім талап етпесе және жоғалғаны туралы хабарламаса, зат автоматты түрде оны тапқан адамның меншігіне өтеді. Егер тапқан адам меншік құқығынан бас тартса, онда олжа мемлекет меншігіне өтеді. Бұл Азаматтық кодекстің 245-бабында реттелген", - деп толықтырды Данияр Байғабатов.
Қанша сыйақы аламын?
Сол бапқа сәйкес, жоғалған затты тауып қайтарған азамат осы тұлғадан оны сақтауға байланысты шығындардың орнын толтыруға құқылы. Табылған зат мемлекетке кеткен болса, жергілікті атқарушы орган сақтауға кеткен шығынды өтеуі тиіс.
"Затты тауып алған адамның да иесінен зат құнының отыз пайызы көлемінде сыйақы алуға құқығы бар" - деп түсіндіреді заңгер.
Табылған зат оны жоғалтқан адам үшін ғана құнды болса, онда мүмкін болатын сыйақының мөлшерін тараптар тікелей талқылайды.
Алайда, егер затты тауып алған адам табылғанын жария етпесе немесе оны жасыру үшін басқа әрекеттер жасаса, сыйақы алу құқығынан айырылады.