Заңгер: “Қоғамдық тамақтану орындарда қазақ тілінде мәзір талап етуге құқығыңыз бар“

Заңгер: “Қоғамдық тамақтану орындарда қазақ тілінде мәзір талап етуге құқығыңыз бар“
Фото: adyrna.kz

Қазақстан Республикасының Тіл заңнамасына сәйкес кез келген адам Қажақстанда қазақша мәзір талап ете алады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл тақырыпты "Қазақстанның жастар ақпараттық қызметінің" жоба үйлестірушісі, заңгер Камилла Енсегенова baribar.kz тілшісіне берген сұхбатында түсіндіріп берді.

Маманның айтуынша, қоғамдық тамақтану орындарында қазақ тіліндегі мәзірді талап ету заңды. Кез келген адам Қазақстандағы тамақтану орындарда қазақша мәзір талап ете алады.

Қазақстан Республикасының 1997 жылғы Тіл заңнамасының 21-бабы бойынша елдегі барлық хабарландыру, жарнама, прейскурант, сонымен қатар ас мәзірі ең әуелі қазақ тілінде болуы міндетті.

Бұрын орыс тілінде де болуы керек еді, бірақ 2021 жылғы желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кейбір заңнамаға өзгеріс енгізді. Ол бойынша, ас мәзірі, хабарландыру сияқты жазбалар қазақ тілінде болу тиіс. Қажет болған жағдайда ғана орыс тіліне және басқа тілдерге аударылғаны абзал.

Дегенмен мына нәрсені ескерген жөн. "Тұтынушылардың құқығын қорғау" заңы бойынша сатушы немесе қызмет көрсетуші ақпаратты қазақ тілінде де, орыс тілінде де беруге міндетті.

Мысалы, бір мейрамханаға орысша сөйлейтін адам келіп, орысша қызмет көрсетуін сұрай алады. Бірақ ол орыс тіліндегі мәзірдің жоқ екеніне шағымдана алмайды. Ал қазақша сөйлейтін кісінің қазақша мәзірді де, қазақ тілінде қызмет көрсетуді де сұрауға мүмкіндігі бар.

Адам қазақша мәзірдің жоқ екенін байқаса және бұл жағдай оған қолайсыздық тудырса, кінә қою хатын жаза алады. Хатта мейрамхана немесе оның басшысының атауы көрсетілуі керек. Оған қоса қазақша мәзірдің жоқ екені, бұл заңға қайшы екені - барлық мән-жай жазылғаны дұрыс. Кінә қою хатының үлгісін интернеттен табуға болады. Хаттың екі данасын жазған соң біреуін мейрамхана әкімшісіне тастап кету керек, екіншісін тұтынушы өзімен бірге әкетеді. Мейрамхана өкілдері екі апта ішінде мәселені шешуі қажет.

Мейрамхана әкімшісі хатқа қол қойып, оны алып қалуға міндетті. Хатты алуға қарсылық танытса, дәлел ретінде олардың әрекетін фотоға, видеоға түсіруге болады. Кейін тұтынушы Е-өтініш арқылы мейрамхана орналасқан қала әкімдігіне дәлелдері бар арызды жолдай алады. Әкімдік екі апта ішінде шара қабылдауы қажет.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Д. Ибраева