- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Заңгер қалың малды...
Заңгер қалың малды келісімшарт жасап барып беру керек деп есептейді
Танымал қазақстандық заңгер Жангелді Сүлеймановтың айтуынша, қалыңдыққа берілген қалың малды күйеу жігіттің сот арқылы қайтаруға талап ететіндей құқы бар, - деп жазады nur.kz. Қорғаушы қалың мал төленгенін растай алатын дәлелдер тізімін жария етті.
Сүлейманов қалың мал туралы жазбасын өз Facebook-тегі парақшасында айтқан. Ол дәстүрде қалыңдыққа қалың мал төлеу қалыпты жағдай екенін айтты.
«Дәстүрлі некеде құда түсу мен қалың мал төлеу – қалыпты жағдайлар. Жастардың ата-аналары қалың малдың мөлшері мен төленіп бітуі тиіс мерзімді анықтайды. Дәстүрлі қоғамда оны бойжеткендер өзін кемсіту, саудаға салу деп қарастырмаған», – дейді заңгер.
Ол бұрынғы кездері қалың малды қайтаруды талап етудің де болғанын еске салды.
«Қыздың пәктігі дәстүрлі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Күйеу жігіт алғашқы неке түнінде қыздың пәк еместігіне көз жеткізсе, қалың малды қайтаруды талап етуге және әйелден бас тартып, кері қайтаруға құқылы болатын. Кей кездері күйеу жігіт бойжеткеннің әкесінен не қалың малды қайтаруды, не өзге құда түспеген қызына үйленуге келісім беруін талап ететін», – дейді Сүлейманов.
Ол мұндай мәселелер айқай-шусыз шешіліп, болмаған жағдайда билер сотымен қарастырылғанын айтты.
Сүлейманов ең дұрысы қалың малды бермес бұрын жазбаша келісімшарт жасасу керек деп санайды.