Заңгер, құқықтанушы маман Бақытжан Базарбек жер комиссиясы отырысында жер мәселесімен ғылыми түрде айналысатын мамандарды дайындау туралы ұсыныс айтты. Айтуынша, жердің шекарасы мен мекенін бөлуді кім көрінген емес, ғылыми білімі бар мамандар шешуі тиіс. Бұл жайлы Massaget.kz тілшісі хабарлады.
"Жерге орналастыру, жер кадастры, жер мониторингі сынды мамандықтарды қалпына келтіруіміз керек. Қажет болса, тіпті ол үшін білім беру стандартын да өзгертуге болады. 2014 жылы бұл мамандықтарға лицензия беруді алып тастап едік, біліксіз мамандар қаптап кетті. Жер шекарасы мен мекенжайы дұрыс белгіленбей жатыр. Бұдан зардап шегетін – қарапайым халық", - деді заңгер комиссия отырысында.
Оның айтуынша, бұл мамандықтардың регламенті мен стандартын білім министрлігі мен ауыл шаруашылық министрлігі келісіп дайындағаны жөн.
Айта кеткен жөн, Қазақстанда 2015 жылы "Жерге орналастыру жобасын әзірлеу жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын орындау қағидаларын бекіту" туралы жарлық қабылданған еді. Содан бері жерге иелік еткен азаматтар мен кәсіпкерлер жерді дұрыс пайдаланудың жобасы мен бизнес-жоспар дайындауы тиіс. Ал мұндай жобаны тиісті жекеменшік мекемелер дайындайды.