- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- құмар ойын туралы
“Заң талабын орындауға асықпайды“. Нартай Аралбайұлы өңір әкімдіктерін сынап тастады
Депутат Нартай Аралбайұлы құмар ойынның иелері заңды айналып өту үшін түрлі әрекетке барып отырғанын айтты. Ол бұл мәселе қатысты әкімдіктерді де сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әкімдіктерге сын: қай өңірлер аталды?
Депутаттың сөзінше, мемлекеттік органдардың жұмысында кемшілік көп. Өйткені қолданыстағы заңда көшеде, қоғамдық көлікте, билбордта құмар ойынға қатысты жарнама болмауы керек деген норма бар.
"Әкімдіктер осы заң талабын орындауға асығар емес. Уәкілетті органның дерегіне сүйенсек, ШҚО әкімдігі заң күшіне 9 қыркүйекте енгеніне қарамастан, құмар ойынның жарнамасы жазылған билбордтарды қарашада ғана демонтаждаған. Ал Алматы мен Шымкент қалаларының, Алматы, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облысының әкімдіктері құмар ойынды жарнамалаған нақты неше сыртқы жарнаманың көзі жойылғаны туралы ақпаратты құзырлы органға әлі бермей отыр", - деді депутат.
Депутаттың айтуынша, кейбір әкімдіктер "өңірімізде букмекерлік кеңселердің жарнамалары мүлдем болмаған" деп жауап берген.
"Мұның ақылға сыймайтыны анық. Букмекерлік кеңселердің жарнамасын жоймау - заң талабын орындамау ғана емес, тікелей халыққа жасалған қастандық екенін ескеру керек. Сол себепті осы облыстарда тиісті тексеріс жүргізіп, заңды белден басқандарға шара қолданылуы қажет", - деп ескертті Сәрсенғалиев.
"Букмекерлердің жарнамасы өріп жүр"
Нартай Аралбайұлы заңда букмекерлік кеңсені тек спорттық БАҚ жарнамалай алады деп жазылғанын, алайда кей сайттар ресми түрде спорттық деп тіркелмесе де, букмекерлерді жарнамалап, ақша тауып отырғанын айтады.
"Іс жүзінде сайттарына кірсеңіз, талқыламайтын тақырыбы жоқ. Осы ретте заңның орындалуын қатаң бақылауға алу керек", - деді депутат.
Депутаттың сөзінше, букмекерлік лицензия алған кәсіпкерлер одан тапқан табысын жасыру үшін ақшаны жылжымайтын мүлікті жалға беруден, инвестициялық түсімнен таптық деп жалтаратын болған.
"Букмекерлік лицензия алған адам сол күннен бастап тек букмекер ретінде жұмыс істеуі қажет. Егер лицензия пайдаланылмай жатса, уәкілетті орган оны қайтарып алуы қажет", - деді ол.
"Тізімді толықтыру керек"
Нартай Сәрсенғалиев құмар ойын ойнауға тыйым салынған азаматтардың тізімін толықтыру керек екенін айтты.
"Сотталған, бірақ бас бостандығынан айырылмаған азаматтарға құмар ойын ойнауға тыйым салу қажет. Бұл лудомандардың бәс тігетін ақша іздеп, тағы да қылмыс жасамауы үшін керек", - деді ол.
Айта кетейік, биыл 8 шілдеде "Ойын бизнесі туралы" заң қабылданды. 9 қыркүйектен бастап заң күшіне енді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова