Астанада "Заң мен тәртіп" қағидаты мен "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында Президенттік саябақ пен өзен жағалауы аумағында қоғамдық кеңістіктердің тазалығын сақтау, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық рейд өткізілді.
Іс-шара аудан әкімдігі аппаратының ұйымдастыруымен Полиция басқармасы, аудан прокуратурасы және Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің қатысуымен өтті.
Рейд барысында демалушылар арасында қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоқысты арнайы орындарға тастау, қоғамдық тәртіпті сақтау және демалыс мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, рұқсатсыз сауда жасау жағдайларының алдын алу, азаматтарға рұқсат етілмеген орындарда суға түсуге болмайтынын ескерту және судағы қауіпсіздік қағидаларын түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өзен акваториясында патрульдеу жүргізіп, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылады.
Осыған орай, Сарайшық ауданы Полиция басқармасының Экология бөлімінің инспекторы Азамат Қалдыбаев пікір білдірді.
"Таза Қазақстан" республикалық экологиялық акциясы аясында рейд жүргізілді. Іс-шара барысында ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 501-бабының 1-бөліміне сәйкес абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша фактілер анықталып, құқықбұзушылыққа тиісті әкімшілік хаттамалар қабылданды", – деді ол.
Астана әкімдігі ұсынған материал