Залда жылап жіберді: Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында не болып жатыр?

Алаяқтық бойынша және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл туралы Перизат Қайрат Астана сотында процесс басталар алдында мәлімдеді.

"Моральдық тұрғыдан шаршадым, айналамда көп... Тергеу изоляторы қызметкерлері ұрып-соққаны туралы енді ашық айта аламын. Астана қалалық прокуратурасында қылмыстық іс қозғалды. Қазір жағдайым жақсы", - деді Перизат Қайрат.

Журналистер одан осы жағдайға байланысты құқық қорғаушылардан көмек сұраған-сұрамағанын нақтылады.

"Бүгінгі күнге дейін қандай өтініш берсем де, маған қоғамдық қорғаушы берілмеді. Анамды бүгін бірінші рет көріп отырмын. Анама 18 наурызда ғана күдікті мәртебесі берілді. Менің барлық заңды құқығым бұзылды", - деді ол сот залында жылап.

Айыпталушы журналистерге ашық сот процесіне қарсы емес екенін айтты, бірақ анасын түсірмеуді өтінді.

©️ Tengrinews.kz

Перизат Қайрат туралы не белгілі?

Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.

2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. 

Сонымен қатар ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.

2024 жылы 16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады. 

2024 жылы 13 желтоқсанда Перизат Қайраттың элиталық пәтерлері, қымбат көліктері бұғатталды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың тұрғылықты жерін тінту барысында қайырымдылыққа жиналған қаражатқа сатып алынған қымбат техника, Cartier, Graff, Rolex, Bulgari, Gucci, Louis Vuitton, Versace, Chopard, Hermes, Dolce & Gabbana, Prada және т. б. сияқты танымал әлемдік брендтердің киімдері, аяқкиімі, зергерлік бұйымдары, сөмкелері тәркіленді. 

Бүгін Перизат Қайратқа қатысты сот басталды. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!