Қазақстанның халық әртісі, белгілі әнші, халықтың сүйіктісі Мақпал Жүнісова ешкімге айтпаған құпияларын бөлісті. Биыл алпыстың асуын еңсерген қазақтың ерке қызының шығармашылығы мен өмірінде қандай жаңалықтар болып жатыр? Марқұм жұбайы Заманбек Нұрқаділов жайлы ел білмейтін шындықтың бары рас па? Massaget.kz тілшісі халық әртісінің эксклюзив әңгімесін тыңдады.
Мақпал Жүнісова Заманбек Нұрқаділов жайлы бірнеше сұрақтарға жауап берді. Оның қолданған заттарын неге сақтап отырғанын, үкіметтен бұл іске қатысты не күтетінін бөлісті. Оның сөзінше, ақиқаттың ашылатын кезі келді.
"Зәкең жайлы көп сөз қозғай беріп керек емес. Мен ол кісінің ақталатынына сенемін. Зәкең ақталғанда үкіметке тапсырамын деп оның қолданған заттарын, суретшілер салған портреттерді өзінің үйінде сақтап отырмын. Ол үй Мерейдің үйі. Қызым екеуміз оны барып жинап тұрамыз. Сол кісінің аруағы разы болсын деп жүрміз. Зәкеңді атқан адамдардың аты жақында белгілі болады деп сенемін", - деді әнші.
Жақында Заманбек Нұрқаділовтың өзі туған өлке - Алматы облысы Кеген ауданында ескерткіші ашылды. Марқұм болған саяси қайраткердің жары бұл салтанатты шараны қалай қабылдады?
"Үкімет Зәкеңе ескерткіш қойды. Бірақ Зәкеңдей адамның аты ешқашан ұмытылмайды. Оның елге, жұртқа жасаған жақсылығы әлі күнге дейін менің алдымнан айналып шыға береді. "Маған осындай жер сыйлап еді, үй беріп еді, көмектесіп еді" деген адамдар алғысын айтып жатады. Ұмытылмайтын адамның аты тас қоймасаң да ұмытылмайды ғой. Үкімет Зәкеңнің арын ақтап алса, оған мұражай ашса, Алматыдан атына көше берсе деймін. Мұражайды мен емес, биліктегілер ашуы керек. Мен тек сонда қойылатын Зәкеңнің қолы тиген заттарды сары майдай сақтап отырмын", - деді ол.
Мақпал Жүнісова саяси ұстанымы жайлы да бөлісті. Ол әр қазақтың қуанышына қуанатынын, жанындағы жақындарына үнемі жәрдемдесіп жүретінін және халықтың жағдайы жақсарғанын қалайтынын жеткізді.
"Мен саясаткер емеспін. Елдің ісіне араласа алмаймын. Десе де, халқымның жағдайы жақсы болғанын қалаймын. Әлі де қаңғып жүрген қазақ көп. Былай қарасақ, санымыз аз, бірақ қазаққа жер жетпейді, үй жетпейді. Қазақтың кең жерін аямау керек. 20 миллион қазақ болса, соның бәріне үй, жер беруге болады. Батырларымыз кең байтақ жерімізді не үшін сақтап қалды? Қазақ қаңғырсын деп сақтап қалды ма? Ешкімге қолымызды жаймай, жастар өсіп, өнсе деймін. Бізде игерілмеген жер көп. Игерілмеген жерді басқа ұлттарда "өлген жер" деп атайды. Біз сол өлген жерлерді кәдемізге жаратқанымыз жөн", - деді Жүнісова.
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова - қазақ эстрадасының көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі, профессор. 1963 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Теректі ауылында дүниеге келген. 1981 жылдан бастап "Қазақконцерт" мемлекеттік концерттік бірлестігінің солист-вокалисі болып қызмет атқарды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдени-ағарту факультетін бітірген. Өзінің ерекше даусымен және орындаушылық шеберлігімен танымал болған ол көптеген халықаралық конкурстардың лауреаты атанды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!