Заитов, Аралбайұлы мен Рожин депутаттық қызметте немен айналысатындарын айтты

Заитов, Аралбайұлы мен Рожин депутаттық қызметте немен айналысатындарын айтты

Бүгін Amanat партиясының атынан Мәжіліске кімдер өткені белгілі болды. Massaget.kz тілшісі бірнеше депутатқа хабарласып, жаңа құрам жайлы ойы мен Мәжілісте қандай мәселе көтеретінін сұрады.

Ең алдымен биылғы Мәжіліс сайлауында қызу талқыға түскен айтыскер ақын Ринат Заитовқа хабарластық. Ол Мәжілістегі жаңа құрам туралы ойын айтты. 

"Бұл енді құралып жатқан құрам. Жалпы тұлғалық жағынан келетін болсақ, Нартай Аралбайұлы, Асхат Аймағамбетов, Мақсат Толықбайдан, Жанарбек Әшімжаннан, Ерлан Саировтан, Еділ Жаңбыршин және тағы басқасынан қазаққа зиян келеді деп ойламаймын", - дейді Заитов. 

Сонымен қатар, Ринат Заитов алдағы таңда Мәжілісте көтергісі келетін мәселелер туралы айтты. 

"Парламентте осындай жоспарларым бар, осы мәселені орындауым керек" дегеннен гөрі, алдағы бес жылға мандат алып отырғандықтан, басынан Қазақстанда Парламенттің араласуын қажет етіп тұрған мәселелерді көтеруге міндеттіміз. Әрине, алға жоспарларын қойып алғандар бар. Оның ішінде тіл мәселесін қозғайтындар бар. Өңірлерді аралау барысында өзіміз көзбен көрген мәселелер бар. Қаншама өңірден, халықтан нақты тапсырмалар алып келдік. Оның бәрі көтерілуі керек қой", - дейді Ринат Заитов. 


Фото: instagram.com/rinat_zaitov_resmi

Қазақстандық журналист, блогер, қоғам белсендісі Максим Рожин де Amanat партиясының атынан Мәжіліске өткен депутаттар тізімінде. Ол сайлаудан кейін Amanat партиясынан Мәжіліске өткен депутаттық құрамға көңілі толатынын жеткізді.       

"Өзімнің ойымда жүрген, "осы кісі өтсе екен" деген кісілер өтті. Елім дейтін жігіттердің болғаны дұрыс қой", - дейді ол.

Фото: facebook.com/maksim.rojin

Максим Рожин Мәжілісте тіл мәселесін қозғағысы келетінін айтады. 

"Соңғы кездері тіл мәселесінің айналасында жүрмін ғой. Тіл мәселесі аясындағы заңдарды ретке келтіру бар. Ол заңдарды ел-жұртқа таныстыру жұмыстары бар. Мамандығым - педагог. Міндетті түрде педагогика, білім мәселесімен айналысқым келеді. Оның үстіне 9 облысты аралап шықтық. Мен көрген мәселелер заң арқылы реттелмесе, парламент қабырғасында шешіледі деген сенім бар. Жалпы көп мәселе бар. Соның ішінде заңның қазақ тілінде жазылуына қатысты көп сұрақ бар", - дейді Максим Рожин. 

Мәжіліске өткен танымал журналист Нартай Аралбайұлы бастысы - Amanat партиясының атынан өткен депутаттар құрамына халықтың көңілі толуы екенін айтады. 

"Себебі депутаттардың "халық қалаулысы" деген аты бар ғой. Сондықтан халық қалаған азамат мінберге келіп жатса, халық үшін жақсы нәрсе деп ойлаймын. Бастысы - халықтың шешімі, талабы ескерілуі керек. Депутат болу - салмақты қызмет. Мойнымызды елдің мұң-мұқтажы бар. Соның бәрін айтып, жеткізуіміз керек. Бұрын журналист ретінде айтып, көрсетіп келдік. Енді іске көшетін сәт туды. Мен үшін үлкен сынақ деп білемін", - дейді Нартай Аралбайұлы. 


Фото: facebook.com/nartai.sarsengaliyev

Ол барлық облысқа барып, халықтың жағдайын көріп қайтқанын айтады. 

"Халық айтсын" жобасы аясында 17 облысты түгел аралап, 18 шығарылым жасадым. Автокөлікпен 14 972 шақырым жүріп өтіппін. Әрине, "шүкір, тұрмысымыз тәуір" деп отырған ауылдар да бар. Әлеуметтік тұрғыда қатты қиналып, қажыған ауылдар да, жастар қалмаған ауылдар да, ада тұрып жатқаннан гөрі сатылатын үйлері көп ауылдар да бар. Бастысы - халықтың әлеуметтік тұрғыда, әлжуаздығын жоюға халықтың табысын тұрақты болуы үшін қызмет етуіміз керек деп ойлаймын", - дейді журналист.  

Айта кетейік, бүгін Amanat партиясынан Мәжіліске кімдер өткені белгілі болды. Партия атынан кімдер өткенін мына сілтеме арқылы көре аласыздар. 

Ал сайлауға түскен барлық партиядан Мәжіліске өткен адамдар тізімімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Сатыбалдина