Депутат Ермұрат Бапи Мәжіліс мінберінде Нұрбол Назарбаевқа қатысты елден түскен арыз-шағымды жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
"Менің депутаттық құзіретіме жүгініп, Нұрбол Назарбаевтың бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу әрекеттеріне қатысты бұған дейін де бірнеше өтініш түскен еді. Олардың бірқатарын бұрын жазбаша түрде Бас прокурордың атына жолдағанмын. Әділет іздеген бір емес, екеу емес, бір мыңнан аса адамнан - Алматы облысы Қарасай ауданы бұрынғы Каменское мал асылдандыру зауыты жұмысшыларының атынан түскен өтінішті мен үш рет депутаттық сауал ретінде жолдағаным осында отырған әріптестерімнің есінде болар. "Мықтының арты диірмен тартады" дегендей, ағасын арқаланған Нұрбол Назарбаев бүкіл бір кеңшар жұмысшыларының жекешелендіруге берілген 9 мың гектардан аса жер үлесін тартып алғаны жөніндегі менің депутаттық сауалым Бас прокурордың алдында да сөз болған еді. Бірақ одан әділетке лайық нәтиже болмады", - деді ол.
Ермұрат Бапи Нұрбол Назарбаевқа қатысты тағы бір арыз түскенін айтты.
"Сол "мықты" Нұрбол Назарбаев жасаған зорлықтан араша сұрап, рейдерлік жолмен тартып алынған бизнесін қайтарып беруді өтінген қарағандылық Қуат Ерментаев деген азаматтан тағы да өтініш түсті. Бұл жігіт сол рейдерлік шабуылдан кейін барлық мүлкінен айырылып, тақырға отырып қалған. Бір қызығы, өтініш берушінің талабы бойынша 2022 жылы Алматы қаласының прокуратурасы мен Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті оның мүлкін, PORUS ЖШС-дегі үлесін рейдерлік басып алу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған екен. "Бірақ белгілі себептерге байланысты мен ол кезде рейдерлік басып алу Нұрбол Назарбаевтың нұсқауы бойынша жасалды деп айта алмадым" дейді менің депутаттық қабылдауымда болған өтініш иесі. Бірақ арада екі жыл өткенде, 2024 жылы Алматы қаласының прокуратурасы қозғалған қылмыстық істі "қылмыс құрамы болмауына байланысты" деген желеумен тоқтатқан. Себебі айтпаса да түсінікті: прокуратура Назарбаевтардың дегенін орындаған", - деді Бапи.
Депутат бұл істі қайта көтеруді сұрады.
"Қайтадан көтерілген сол істің заңды нәтижесі жөнінде мені ғана емес, бұрынғы биліктің Нұрбол Назарбаев сияқты қиянатшыларынан зардап шеккен қоғамды да хабардар етсеңіз деп сұраймын. Заңсыздықтан зәбір көрген азаматтарға қорған болайық, Бас прокурор мырза!" - деп түйіндеді сөзін ол.
Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевтың мүлкіне тексеріс жүргізуді сұрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова