Із-түссіз жоғалған отбасы: полиция “атыраулық хакерге“ қатысты мәлімдеме жасады

Атырау облысы Полиция департаменті әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан "хакерге" қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Полицияның мәліметінше, "хакер" Атырау облысында жоғалған адамдардың орналасқан жерін, қаржы аударымын өз бетінше анықтағаны, SIM карталарды талдағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.

"Бұл мәліметтің барлығы әлеуметтік желілерде қандай да бір жазбалар шыққанға дейін ішкі істер органдарының бөлімшелері тарапынан заңды жедел іздестіру және тергеу шаралары аясында анықталды. Кейін ресми бағдарлау ретінде рәсімделді. Ол жаңа дерек алмаған және өздігінен техникалық талдау жүргізбеген. Ол таратқан мәлімет бұған дейін жасақталған ресми бағдарлауда көрсетілген ақпаратпен толық сәйкес келеді. Полиция ұсынған барлық дерек заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып алынған. Бұл жұмысқа бейінді техникалық мамандар, байланыс операторлары және өзге де уәкілетті ұйымдар қатысқан", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, ведомство мәліметінше, "полиция қысым көрсетті немесе қорқытты" деген ақпарат та шындыққа жанаспайды.

"Оған қатысты бұған дейін алаяқтық бойынша төрт қылмыстық іс тіркелген. Қазір осы істер бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Оған заңда белгіленген тәртіппен іздеу жарияланған", - деді полиция.

Еске салайық, 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына қала тұрғынынан ағасы мен оның отбасы бір айдан аса уақыттан бері хабар-ошарсыз кеткені туралы арыз түскен.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.

"Бұл дерек бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер анықталды. Қазір оларды іздеу және ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр", - деді бұған дейін полиция.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!