Юлия Путинцева Аделаидадағы турнирдің ширек финалына шықты

Қазақстанның екінші, әлемнің 25-ракеткасы Юлия Путинцева Аустралияның Аделаида қаласында өтіп жатқан WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Путинцева жарыстың екінші айналымында әлемнің 40-ракеткасы, Тунис өкілі Онс Жабермен шеберлік байқасты. Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:2, 6:4 есебімен жеңді.

Юлия матч кезінде екі эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Енді ол ширек финалда ресейлік теннисші, әлемнің 13-ракеткасы Диана Шнайдермен кездеседі.

Еске салайық, бұған дейін Юлия Путинцева WTA рейтингінде жеке рекордын жаңартқанын жазған едік. Ол осы аптада жаңарған рейтингіде 25-орынға көтерілді. Бұған дейін 29-орында болған еді. Сондай-ақ үздік нәтижесі 27-орын болған. 

Юлия Путинцева 2012 жылға дейін Ресей атынан жарыстарға қатысқан. Кейіннен Қазақстан азаматтығын алды. Жекелей сында WTA санатындағы үш турнирде жеңімпаз болған. Үш рет "Үлкен дулыға" жарыстарының ширек финалына дейін шықты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!