- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ысырап болды". Алматыда...
"Ысырап болды". Алматыда қырық жамау құбырдан аққан таза су далаға кетіп жатыр
Құбырлардың бәрі тесіліп, қырық жамау болды. Алматыда арықтың ішімен тартқан су құбырларынан аққан тіршілік нәрі жерге сіңіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, шенеуніктер 2018 жылы уақытша деп жүргізген құбырлар 2019 жылы жер асты арқылы тартылуы тиіс болған. Тіпті сол кездегі Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфиденов "2019 жылы жаңа жер асты құбырын жүргізіп береміз" деп уәде еткен. Алайда 5 жылдан бері жерге сіңіп жатқан ауыз суға әкімдіктің бас қатырғысы жоқ. Су тапшылығына әлем алаңдаулы кезеңде жергілікті шенділер бұл мәселеге не себепті мойын бұрмай келеді? Мәселенің ақ-қарасын Massaget.kz тілшісі анықтап қайтты.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Дүйсекқыз Мандыбаева Мамыр шағынауданында 40 жылдан бері тұрып жатыр. Алайда зейнеткер осы уақыт аралығында "ауыз су құбырларының ауысқанын көрмедім" дейді. Осыдан 6 жыл бұрын әкімдік тартып берген пластикалық құбырлар да тесіліп, тозығы жеткен.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов
"Бұл пәтерде 30 жылдан бері тұрып жатырмын. Әлі күнге дейін ауыз судың мәселесімен алысып келеміз. Құбырлардың барлығы ескі, тозып кеткен. 40 жылдан бері Мамыр шағынауданында тұрып жатсам да бірде-бір мәрте су құбырлары ауысқанын көрмеппін. Мәселе әбден ушыққан сәтте 2018 жылы әкімдік бізге пластикалық құбыр арқылы су тартып берген. Қазір бұл құбырлардың бәрі тесіліп, қырық жамау болды. Ысырап болды су", - дейді қала тұрғыны Дүйсекқыз Мандыбаева
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов
Қырық жамау құбырдың кесірінен бұқараның сусыз отырған күндері де болыпты.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Зейнеткер Злиха Ізмұхамбетова.
"Желтоқсан айында үш күн сусыз отырдық. Тіпті дәретханаға бара алмай қалдық. Ыстық су желісі де 4 үйге қосылмаған. Далада қар да болмады. Хабарласпаған жеріміз қалмады. "Аманат" партиясының қоғамдық қабылдау бөліміне хабарласып едік, "Алматы СУ" мекемесіне нұсқады. Ал олар арықтың ішінде жатқан құбырлар әкімдіктің балансында екенін айтты. 2 жылдан бері әкімдіктің қарауында болса да ештеңе істегісі келмейді", - дейді зейнеткер Злиха Ізмұхамбетова.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Арықтан тұрғын үйге дейін су тартылған құбыр.
"Тұрмыс" өндірістік кооперативі 2020 жылы банкрот болып, жер асты магистральдық құбырларын "Алматы СУ" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына өткізбекші болған. Бірақ олар техникалық талаптарға сай келмегендіктен меншігіне алмапты. Ал тұрғындар 2018 жылдан бері су құбырларын әкімдіктің балансына алуды өтінген. Алайда иесіз құбырларды иемденгісі келетін бірде-бір мекеме табылмапты.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Құбырдан аққан су арықты толтырып, осылай ағып жатыр.
Үй өртеніп болғасын су іздейтін басшылар 70 жылдан бері тозығы жеткен құбырлар сыр бере бастағанда ғана мәселені қолға алған. "Алматы СУ" мекемесі 2018 жылы әкімдіктің қаржысына пластикалық құбырлармен уақытша ауыз су жүргізіпті. Сол кездегі Әуезов ауданы әкімі Сайран Сайфиденов 2019 жылы жаңа жер асты құбырын жүргізіп береміз деп уәде беріпті.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Қала тұрғыны Зоя Валонихина.
"Бұл мәселенің шешілмей келе жатқанына 20 жылдан асты. Жаңа әкім келген сайын жаңа уәде береді. Бұл магистральдық су құбырларының жатқанына 70 жыл болды. Әкімдікке барсақ жас мамандар "су келіп тұр, жарық бар, үйлеріңіз жылы неге шағымданасыздар" деп шығарып салады. 2018 жылдың ақпанынан 2019 жылдың сәуір айына дейін уақытша құбыр жүргізіп берген. Сол кездегі әкім Сайран Сайфиденов өзі жер асты құбырын тартып беремін деп уәде берді", - дейді Зоя Валонихина.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Арықтың ішімен тартылған құбырларды әкімдік дәл осылай жамайды екен. Алайда қырық жамау су құбырынан аққан су тоқтамай тұр. Өзіміз санамадық. Бірақ тұрғындардың айтуынша дәл осындай 20-30 мәрте жамалыпты.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов.
Ал әкімдіктің жауабына сүйенсек 5 жылдан бері жатқан құбырдың мәселесін биыл ғана қолға алған секілді. Жобалау сметалық-құжаттамасы жасалып, мамыр айына дейін конкурс жариялануы тиіс екен.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Әуезов ауданы әкімдігінің ғимараты.
"Бүгінгі күні Алматы қаласы "Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының" тапсырысымен, көрсетілген мекенжай бойынша "Аква Д" ЖШС жобалау ұйымымен "Жобалау сметалық-құжаттамасы" әзірленді. Қазіргі уақытта жоба Әуезов ауданы әкімі аппаратының конкурс жариялау сатысында, одан кейін "Құрылыс монтаждау жұмыстары" бойынша өнім берушіні айқындауға конкурс жарияланады (болжамды мерзім а.ж. мамыр айы). "Жобалау сметалық-құжаттамаға" сәйкес желілердің жалпы ұзындығы 42 км, оның ішінде 21 км сумен жабдықтау, 21 км кәріз желілері қарастырылған. "Құрылыс монтаждау жұмыстары" аяқталғаннан кейін 700-ден астам үй, 3000-ға жуық тұрғындар үздіксіз сумен қамтамасыз етіледі", - делінген жауапта.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Құбырдың бастауы.
Ал арықтың ішінде жатқан пластикалық құбырлар әкімдіктің меншігіне кірмейді екен. Жоғарыда атап өткендей стандартқа сай келмегендіктен "Алматы СУ" мекемесі өз балансына алмаған. Сондай-ақ жергілікті әкімдік тұрғындардың шағымымен жылына шамамен 5-6 мәрте жөндеу жұмыстары жасалған екен.
Фото: massaget.kz / Жақсылық Зинешов. Арық қар суымен емес, құбырдан аққан сумен толы. Тұрғындардың айтуынша бұл арықта жыл он екі ай су жиналады.
Біздегі шенділерге жамау мен жаңасын салудың ара жігін ажыратып алу керек. Өйткені жамалған жерден ауыз су атқылап, жерге сіңіп жатыр. Сабырсыз айбалтаның сабы сынды тілімізді тектен тек сілтеп жатқанымыз жоқ. Ел президенті Қазақстан халқына Жолдауында 2040 жылға қарай Қазақстанда су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін айтқан еді. Онсыз да су жетпей жатқанда таза суды далаға ағызып жатқанымыз қалай?
Бас қалада қазірдің өзінде су тапшылығы белең алды. Маңғыстаулық ағайын да ауыз суға жарымай отыр.
Ауыз суды үнемдеуді қазірден бастамаса 2030 жылға қарай бұқара сең соққан балықтай сенделіп, су іздеп кетуі әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселеге қала әкімі Ерболат Досаев тікелей араласуы тиіс.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Зинешов