- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ыстықта кімдерге күннің...
Ыстықта кімдерге күннің астында көп жүруге болмайды?
Көпшілік адам жаз мезгілін жақсы көреді және көп уақыт далада өткізуге тырысады. Алайда аптап ыстық кей адамдарға, соның ішінде қандай да бір диагнозы бар адамдарға зиян және тіпті, қауіпті болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ыстық ауа кімдерге қауіпті болуы мүмкін?
Үлкен қалаларда тұратын барлық адам
Ыстық ауа диагнозына қарамастан қалада тұратын барлық адамға зиян. Оған асфальт мен құрылыстың көптігі себеп. Олар қызады және қоршаған ауа температурасын бірнеше градусқа көтереді. Оған қоса, қалаларда ауаны оттекпен қанықтыратын ағаштар аз. Ол адамдарда гипоксияның дамуына әкелуі мүмкін: адам ағзасына оттек жеткілікті мөлшерде түспейді, соның салдарынан өмірлік маңызы бар органдар (ми, жүрек, бүйрек) дұрыс жұмыс істемейді.
Жүрек-қан тамырлар аурулары бар адамдар
Жазда жүрек-қан тамырлар аурулары бар адамдар абай болуы керек. Олардың ағзасына жоғары температураларда қосымша жүк түседі, сондықтан күннің астында көп болу тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Әсіресе, бұрын инсульт және инфаркт алған, сондай-ақ ота жасатқан жүрек ауруы және гипертониясы бар адамдарға қиын. Температура жоғарылаған кезде жүрек ырғағы жылдамдайды, қысым көтеріледі, қан тамырлар кеңейеді.
Термен бірге көп сұйықтық жоғалатындықтан, қан құрамы өзгереді және оның ұйығыштығы артады. Ол ұйыған қанның түзілуіне әкелуі мүмкін. Ағзадан термен бірге калий мен магний де шығып кетеді. Олар - жүректің қалыпты ырғағына жауап беретін электролиттер.
Тыныс алу органдарының аурулары бар адамдар
Тіпті, сау адамның өзі жоғары температурада жиі тыныс алып бастайды, ал пневмония, бронхит, тыныс демікпесі секілді аурулар жағдайды ушықтырып жібереді, себебі бұл кезде ағзаға екі есе күш түседі.
Аутоиммунды аурулары бар адамдар
Аптап ыстық пен күн сәулесі аутоиммунды ауруларды асқындырып жіберуі мүмкін. Оған склероз, жаралы колит, тиреоидит және басқа аурулар жатады. Сәйкес диагнозы бар адамдар өздерін қолайлы температура режимімен қамтамасыз етуі және күннің астында көп болмауға тырысуы керек.
Қарт кісілер
Қауіп тобына қарт кісілер де жатады. Олардың ағзасының температуралар өзгерісіне бейімделу қабілеті төмен. Сондықтан бақшада жұмыс істегенді жақсы көретін егде жастағы кісілер денсаулықтарын ойлағаны жөн.
Ыстық ауа райының жағымсыз салдарынан қалай қорғануға болады?
- Қатты ыстық кезде көлеңкеде болуға тырысу;
- Бөлмені жиі желдету;
- Физикалық жүктемені азайту;
- Дененің және бастың қызып кетуінің алдын алу (бас киім кию, ашық түсті және ыңғайлы киім кию);
- Дұрыс тамақтану;
- Алкоголь, газдалған тәтті сусындардан және энергетикалық сусындардан бас тарту;
- Суды көп ішу;
- Күннен қорғайтын крем қолдану;
- Қандай да бір диагнозы бар адамдарға дәрігер жазып берген дәрісін ішуді ұмытпау.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жапатова