- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ыстықкөлдегі қазақ...
Ыстықкөлдегі қазақ бапкері Жүзгенбаевтың өлімі: жаңа дерек айтылды
Қырғызстан прокуратурасы Ыстықкөлде қазақстандық жаттықтырушы Мұрат Жүзгенбаевты өлтірген жүргізушіге қатысты бірінші инстанция үкімін негізді және заңды деп атады. Бұл туралы 24.kg агенттігіне зардап шеккен тараптың адвокаты Самат Матцаков айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Адвокаттың айтуынша, бұған дейін бірінші инстанция үкіміне шағым жасалған. Алайда Ыстықкөл аудандық прокуратурасы прокурорының көмекшісі К.Жүнісәлиев сотқа апелляциялық шағымға қарсылық білдірген.
"Прокурор өз наразылығында: былтыр 16 шілдеде таңғы сағат 7:40 шамасында айыпталушы У.А. Lexus RX 300 маркалы автокөлігін Балықшы - Ананьево - Қаракөл тасжолы бойында айдап бара жатып, 97-шақырымда велосипедті қағып кеткен. Марқұм жеңіл атлетика бойынша жаттықтырушы, қазақстандық Мұрат Жүзгенбаев болып шықты. Айыпталушы У.А-ға қатысты Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің "Жол қозғалысы және көлік құралдарын пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бабы бойынша айып тағылып, 2022 жылдың 30 қыркүйегінде қылмыстық іс сотқа жолданған. Ыстықкөл аудандық соты оны осы бап бойынша кінәлі деп тапты. Сотталушы үш жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот У.А. жәбірленушінің пайдасына 100 мың сом моральдық шығын өндіруді белгіледі. Прокурордың айтуынша, сот айыпталушы У.А.-ның әрекетіне дұрыс құқықтық баға берген және заңды шешім қабылдады. Қадағалау органының қызметкері бұл шешімді өзгеріссіз қалдырып, жәбірленуші өкілінің шағымын қанағаттандырмауды сұрайды", - деді Самат Матцаков.
Адвокат Қылмыстық-процестік кодекс шағымдар мен ұсыныстарды хабарлау тәртібін реттейтіндіктен, прокурордың бұлай қарсылық білдіруін түсінбейтінін атап өтті.
Еске салайық, қайғылы оқиға 2022 жылы 16 шілдеде таңертең Бұлан-Сөгөтту және Бостери ауылдарының арасында болған. Жүргізуші Nissan Micra көлігін соғып, жол жиегінде келе жатқан Мұрат Жүзгенбаевты қағып кеткен. Жоғары санатты жаттықтырушы оқу-жаттығу жиынында болған. Ол оқиға орнында қаза болды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек