- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ыстық суға күйдіріп,...
"Ыстық суға күйдіріп, ұрып-соқты". 9 жастағы қызды асырап алған әйел өзіне тағылған айыпқа қатысты жауап берді
"Анам ыстық суға күйдіріп, ұрып-соқты" деген тоғыз жастағы қыздың видеосы тарады. Бұған қатысты асырап алған шешесі жауап берді. Оның айтуынша, жеткіншекті бұрынғы әріптестерінің бірі жалған сөйлеткізіп, бейнекамераға жазып алған. Өзі асырауындағы қызға "қол ұшын тигізбедім" дейді, бірақ көптің жағасын ұстатқан жағдай бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Желіде кішкентай қыздың өзін асырап алған анасынан көрген қорлығын тізбектеп айтып берген видеосы тарады. Онда баланың шашының жартысы түсіп қалған, мойны мен құлағы жара-жара.
Тоғыз жастағы Раминаны асырап алған әйел Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылындағы мектептің бірінде география пәнінен сабақ береді. Баланы қолына биыл жазда алыпты. Ол бірден қызының мәлімдемесін жоққа шығарды.
"Ыстық сумен күйдірсем, денесі көлдіреп тұратын еді. Құлағындағы жара мен шашының түсіп қалуы "теміреткімен" ауырғанынан. Ал оның "ұрды-соқты" деп зудыратқанына тоқталсақ, оған біреудің жаттатқызғанын көруге болады. Менің ойымша, бұл - маған қас адамдардың әрекеті", - деді қыздың асыраушысы Айдам Ниязова.
Өзіне қас адамдардың көп болуын ол кезінде мектепте оқу ісінің меңгерушісі болуымен байланыстырып отыр. Раминаны осыдан үш күн бұрын аулада ойнап жүрген жерінен бұрынғы әріптесім алып кетіп, маған қарсы пайдаланды деп отыр. Сондай-ақ асырап алған қызының психологиялық ауытқуы бар екенін жасырмады.
"Оның өзіндік қиялы бар. Өмірге басқа көзқараспен қарайды. Мұны психологтар дәлелдеген. Жазда үйге алып келген күні ылғи бір нәрседен қорқып жүрді. "Не болып қалды?" деп сұрасам, "Маған тиісетін ер адамнан қорқамын" деп айтады. Психолог болса, мұның бәрі оның қиялында деді. Рамина өте көп алдайтын", - дейді Айдам Ниязова.
Алайда "жәбір көрдім" деген қызды ауруханаға апарған аудандық білім бөліміндегілер дәрігерлердің берген қорытындысынан кейін баланы отбасынан тартып алған.
"Сол кезде дәрігермен сөйлестім. Гематома балада болды. Сырылғандары. 4-5 күн бұрын орын алған жарақаттар деп. Сөйтіп, ол кісілер бізге қорытынды жазып берді. 1 күнге ауруханаға жатқыздық. Келесі күні патронаттық тәрбиешісінен баланы тартып алу әрекетін жасап, жанұяға қайтадан апарып орналастырдық", - деді Еңбекшіқазақ аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Зарина Бөлекбаева.
Қазір бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалған. Полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.
"Қазіргі уақытта іс бойынша барлық қажетті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Олардың кейбіреулері бойынша қорытындысы дайын. Сондай-ақ мүдделі адамдардың тізімі белгілі болды. Жақын арада қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталады", - деді Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Рүстем Әбдірахманов.
Тоғыз жастағы қызды асырап алған әйел де "абыройыма нұқсан келді" деп полицейлерге арыз жазған екен. Жала жапқандарды анықтауын сұрап отыр. Қазір бұл істі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бақылауына алған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
М. Лұқпан