Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында өгей шешесі асырап алған қызын қорлағаны туралы ақпарат тарады. Massaget.kz тілшісі жағдайды анықтау үшін жауапты органдарға жүгінді.
Жергілікті Instagram арналардың мәліметінше, ауыл мектептерінің бірінің мұғалімі жарты жыл бұрын 8 жастағы қызды асырап алған.
"Дереккөзге сәйкес баланы ыстық суға күйдіріп, ұрып-соғып, құлағын бұраған, оның денесінде көгерген іздер, жарақаттар қалған. Жағдайы адамшошырлық және баланың құқығы мен қауіпсіздігін қорғау үшін тиісті органдардың жедел араласуы қажет", - деп жазылған желіде тараған ақпаратта.
Сонымен қатар, желіде ақпаратта оқиға Еңбекшіқазақ ауданы Ташкенсаз ауылында болғаны айтылады.
"Қыз онымен жарты жылдай өмір сүрді. Алғашында қашып үлгерді, бірақ оны мұғалімнің танысы тауып алып қайтарған. Осы үшін оны тағы да ұрып тастаған. Бірақ екінші мәрте тағы да қашып үлгерді", - деп жазылған мәліметте.
Бұл жағдайға қатысты бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева пікір білдіріп, қыз ауруханада жатқанын айтты.
"Еңбекшіқазақ ауданында қыз қамқоршысы тарапынан азаптауға ұшырағанына қатысты. Қыз ауруханада жатыр. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұдан әрі қамқоршылықтан айыру бойынша шаралар қабылданады. Бұл іс менің бақылауымда", - деп жазды ол.
Алматы облысының Білім басқармасы Massaget.kz-ке берген жауабында бұл жағдайды растады.
"5 қаңтарда сағат 10:30 шамасында Абдуллин орта мектебінің мұғалімі үйінің маңынан қыз баланы көреді. Сөйлесу барысында ол "Х.Абдуллин атындағы орта мектеп" КММ–ің оқушысы екені анықталады. Мұғалім оқушыны жергілікті әкімшілікке апарып, сол жерге ювеналдық полиция қызметкері, учаскелік инспектор, мектептің психологы мен әкімшілігі шақырылады. Олар мектептің оқушысы екендігін растайды. Сонымен қатар, ол жерге қыздың қамқоршысы да шақырылып, Еңбекшіқазақ аудандық Ішкі істер Департаментіне жауап алуға, ал қамқорлығындағы оқушы қызды аудандық ауруханаға медициналық тексеруге алып кетеді. Білім бөлімі тарапынан Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына сот медициналық сараптамасын тағайындап, қорытындысын жасау бойынша хат жолданды. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, бала Алматы қаласындағы "Жанұя" орталығында. Еңбекшіқазақ ауданында болған жағдайға байланысты аудандық білім бөлімі тарапынан зерделеу жұмыстары және Ішкі істер басқармасы тарапынан тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр", - деп жазылған Білім басқармасының Massaget.kz-ке жауабында.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!