Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың соңғы суреті жарияланды

Ыстанбұлда қаза тапқан қазақстандық қыздың соңғы суреті жарияланды
Фото: Massaget.kz/коллаж

Ыстанбұлда жұмбақ жағдайда қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты жаңа деректер белгілі болды. Қайғылы оқиғаға дейін бойжеткен көрші ғимараттың шатырының шетінде отырған, ал құрбысы суретке түсірген. Кейін полиция марқұммен бір пәтерде тұрған қыз бен оның сүйіктісін ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі түркиялық БАҚ-қа сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға қалай болған?

Оқиға 25 қазанда таңғы сағат 09:15 шамасында Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон орамында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу Бекмаханова өзі тұрған үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың төбесіне өткен. Кейін шатырдың орта тұсына қарай жүрген.

Болжам бойынша, бойжеткен басқан шатыр панелі сынып, ол ғимараттар арасындағы қуысқа, жер астындағы екінші қабат деңгейіне құлап кеткен.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері жеткен. Дәрігерлер Айсұлудың қайтыс болғанын анықтады.

Прокурор мен оқиға орнын тексерген мамандардың жұмысынан кейін марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін арнайы мекемеге жеткізілді.

Қаза болар алдындағы соңғы суреті жарияланды

Тергеу барысында Айсұлудың шатырдан құлар алдында түсірілген соңғы фотосуреті табылды.

Оны марқұммен бір пәтерде тұрған Дария Б. есімді қыз түсірген.

Дарияның полицияға берген жауабына сәйкес, таңғы сағат 08:15 шамасында ол құрбысының көрші үйдің шатырының шетінде отырғанын көрген. Қауіпті екенін айтып, ол жерден кетуін сұраған.

Алайда Айсұлу:

"Мен осында отырамын, сен ұйықтай бер", – деп жауап берген.

Дария құрбысын сол жерде суретке түсіріп, кейін өз бөлмесіне қайтып кеткен.

Дарияның айтуынша, ол бөлмесінде ұйықтап жатқанда қатты шыққан музыка дауысынан оянған.

Орнынан тұрып қарағанда, Айсұлудың бөлмеде жоқ екенін байқаған.

Кейін көрші ғимараттың шатырындағы панельдің сынғанын көрген. Төменге көз салғанда, құрбысының қимылсыз жатқанын байқағанын айтқан.

Айсұлу қаза болар алдында сүйіктісімен кездескен

Тергеу кезінде Айсұлудың қайғылы оқиғаға дейін қайда болғаны да анықталған.

Дарияның айтуынша, 24 қазанда кешкі сағат 20:00 шамасында екеуі бірге серуендеуге шыққан. Ал таңғы сағат 05:00 шамасында Айсұлу құрбысынан бөлініп, сүйіктісіне кеткен.

Осыдан кейін полиция бойжеткеннің сүйіктісі, дүкен иесі, 35 жастағы Мазхар Т.-дан жауап алған.

Ер адамның айтуынша, Айсұлу таңғы сағат 05:30 шамасында оның жанына келген. Екеуі біраз уақыт бірге болып, сағат 07:40 шамасында қыз үйіне қайту үшін дүкеннен шыққан.

Мазхар Айсұлудың түнгі клубта жұмыс істегенін білгенін айтқан.

Екі адам ұсталды

Тергеу барысында Айсұлу мен Дарияның Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте бірге келгені белгілі болды.

Қайғылы оқиғаға байланысты жүргізіліп жатқан тергеу аясында прокуратураның шешімімен марқұмның пәтерлесі Дария Б. мен сүйіктісі Мазхар Т. ұсталды.

Әзірге олардың қандай мәртебеде ұсталғаны және қандай да бір айып тағылғаны туралы ақпарат жоқ.

Полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Қазақстан СІМ не дейді?

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Айсұлу Бекмаханованың Ыстанбұлда қаза тапқанын растаған болатын.

"Қазақстандық дипломаттар марқұмның туыстарымен байланыста болып, оларға консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Түркияның құзырлы органдары тергеу жүргізіп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деп мәлімдеді министрліктің ресми өкілі Жанболат Үсенов.

Ведомство бұл істің Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің бақылауында екенін хабарлады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Massaget.kz
Logotype Massaget