Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақталды

Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ақталды
Фото: instagram @ekremimamoglu

Түркия соты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша айыпталған Ыстамбұлдың бұрынғы мэрі Экрем Имамоглуды ақтап шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Cumhuriyet газетінің мәліметінше, Имамоглу мен тағы алты адамға қатысты іс 2023 жылғы қаңтарда қозғалған. Тергеу дерегінше, саясаткер 2015 жылы аудан әкімі болған кезінде мемлекеттік тендер нәтижесін бұрмалауға қатысқан. Сол үшін оған үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнген еді.

Саясаткердің қорғаушысы Нусрет Йылмаз сот отырысында айыптаушы тарап бес тыңдалым бойы айыптау қорытындысын ұсынбағанын сынға алды.

"Сот Имамоглу мен Бейликдюзю әкімдігінің алты бұрынғы қызметкерін қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтап шықты", – деп жазады басылым.

Алайда жұма таңертең Ыстамбұл прокуратурасы Имамоглу мен басқа да бірнеше шенеунікке қатысты жаңа қылмыстық іс қозғаған. Оларға 2019 жылғы мэр сайлауына байланысты тыңшылық жасады деген күдік тағылып отыр. Қазір кемінде 15 адам қамауға алынған.

Бұған қоса, наурызда Түркияның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша Ыстамбұл университеті Имамоглу мен тағы 27 адамның дипломын жарамсыз деп таныған. Бұл шешім оның президенттікке кандидатурасын ұсынуға кедергі келтіреді. Прокуратура саясаткерге тоғыз жылға жуық түрме жазасы мен саяси қызметпен айналысуға тыйым салуды сұрап отыр.

Имамоглу - Халық-республикалық партияның (CHP) мүшесі. Ол 2019 жылдан бері Ыстамбұл мэрі қызметін атқарып келеді және 2024 жылғы сайлауда қарсыласын шамамен 12 пайыз айырмашылықпен жеңіп, қайта сайланған. Наурыздан бері ол сыбайлас жемқорлық ісі бойынша Силиври түрмесінде қамауда отыр. Прокуратураның терроризмге қатысты екінші істі тергеу аясында қамауда ұстау туралы өтініші қанағаттандырылмаған.

Шілдеде сот Имамоглуға бас прокурор Акин Гюрлек пен оның отбасына қауіп төндірді деген айып бойынша 1 жыл 8 ай түрме жазасын кескен. Бұған дейін, 2022 жылғы желтоқсанда ол Орталық сайлау комиссиясы өкілдерін қорлады деген айыппен 2 жыл 7,5 айға бас бостандығынан айырылған және саяси қызметпен айналысу құқығынан айырылған еді. Қорғаушылар бұл шешімге шағым түсірді.

Саяси тыйымның күшіне енуі үшін жоғары соттың шешімі мен ОСК-ның ресми өтініші қажет. Партия қазір апелляциялық соттың шешімін күтіп отыр.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget